Image
Кедейлік білімнің серігі
Сұрақ: Өмірін исламға қызмет етуге арнаған мұсылман адам, мейлі, ол ғұлама болсын, талибуль-ильм болсын, өз-өзін қалай асырайды? Мұны сұрап отырған себебім, көптеген ата-аналардың балаларыны...
5 655
28 ноября, 14

Кедейлік білімнің серігі

5 655
28 ноября, 14
АВТОР ЦИКЛА
Кедейлік білімнің серігі
Сұрақ: Өмірін исламға қызмет етуге арнаған мұсылман адам, мейлі, ол ғұлама болсын, талибуль-ильм болсын, өз-өзін қалай асырайды? Мұны сұрап отырған себебім, көптеген ата-аналардың балаларының ғұлама болғанын қаламайтынына басты себеп осы болуы керек: әдетте олар кедейлікте өмір сүреді, оларға ақша төленген күнде де өте аз төленеді, оның үстіне, оларға әр түрлі экстремистік топтардан қауіп төнеді.
 
Мен тұрмыс жағдайы орташадан жоғары отбасынанмын. Ислам ғұламасы болып, өзімді және отбасымды асырай алатындай жеткілікті табыс таба алатыныма әке-шешемді қалай сендіремін?

Жауабы:

بِسْمِ اللَّـهِ الرَّحْمَـٰنِ الرَّحِيمِ

Бұл – шүбәсіз, көптеген ілім іздеушілер мен өмірін ислам ілімін меңгеріп, насихаттауға және Алланың Дініне қызмет етуге арнағысы келетін жандардың мәселесін қозғайтын өте маңызды сұрақ. Мен бұл мәселені екі қырынан ашсам деймін.
 
Бірінші бөлімде кедейліктің артықшылықтарын және оның Шариғат ілімдерін алумен тығыз байланысын қарастырып, біздің тақуа ата-бабаларымыз  – саляфу-с-салих буынының ерекше белгісі - кедейлік болғаны жөнінде баяндаймын.
 
Екінші бөлімді ғұламалар мен өмірін Исламға қызмет етуге арнаған жандардың жеткілікті табысының болуының маңыздылығы мен қауымның ғұламаларына қамқорлық танытудағы жауапкершілігіне арнаймын.  

Кедейлік, аштық, мал-мүліктің жетіспеушілігі – тақуа ата-бабаларымыздың айрықша ерекшелігі

Хадис саласы мен өзге де Исламның кейіннен пайда болған ғылымдарының ұлы ғұламасы (мухаддис) Шейх Абдуль-Фаттах Әбу Гудда (Алла оны рахымына бөлесін), үмбетіміздің көптеген ғұламаларының бастарынан өткен сынақтар мен қиындықтар туралы тамаша еңбек жазып шығарды. Ол «Сафахат мин Сабриль-Уляма аля Шадаид аль-Ильм уа ат-Тахсиль» деп аталады. Ол онда ғұламаларымыздың өмірінен алынған кейбір таңғажайып жағдайларды сипаттап, олардың ілім алу барысында қандай сынақтар мен қиындықтардан өткенін көрсеткен.
 
Олардың көпшілігі бірнеше күн қатарынан аш жүретін болған, біреулері отбасыларын асырай алмаған, ал кейбіреулері мүлде үйленбеген де. Оқуының ақысын төлеп, кітап алу үшін кейбір ғұламалардың өз заттарын, киімдерін және жиһаздарын сатқан кездері де болған. Мен араб тілін білетін ілім іздеушілердің бәрін осы кітапты оқуға, содан соң бірнеше рет қайталап оқып шығуға шақырамын. Өйткені ол, Исламның ұлы кемеңгерлері бастарынан кешірген қиыншылықтары мен тартқан тауқыметінің қасында, біздің қиындықтарымыз бен тауқыметіміздің түк те емес екенін түсінуге мүмкіндік беріп, бойыңа күш бітіреді.

Ақиқатын айтар болсақ, Алла Тағаланың Сүннеті (Алла тек Өзінің даналығымен білетін себептерге байланысты)  - өз өмірін Исламға қызмет етуге арнаған өзіне жақын құлдарын бұл жалған  дүниенің байлығы мен мал-мүлігінен алыс ұстауы, және әрдайым солай болған да.

«Дунья» сөзі «төмендетілген» деген мағынаны білдіретін «дунув» деген  араб сөзінің түбірінен шыққан. Сол себепті, Аллаға жақын адамдар бұл жалған дүниенің байлығын жинаудан қашанда аулақ болған.

Шын мәнінде, бұл жалпы қағидаға бағынбаған жағдайлар да бар – сол себепті, Исламның ұлы тұлғаларының өте ауқатты болғанын көре аламыз.

Бірақ, бұл белгілі бір адамдарға ғана қатысты, бұл оларға Алла тарапынан берілді және бұл оларға лайық болатын. Олар сол байлықты исламның мақсаттарына және қайырымдылыққа жұмсады.
Біз Алланың көптеген пайғамбарларының,(оларға Алланың сәлемі болсын), тұрмыс жағынан таршылық көргенін білеміз. Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), байлыққа қарағанда кедейлікті артық көргені – біздер үшін үлкен үлгі. Ол кедейлікті өзі таңдады, мәжбүрлі түрде жоқшылықтың тауқыметін тартқан жоқ.

Имам Науауидің «Рийад әс-Салихин» кітабындағы кейбір хадистерді қарап көрейік:
 
Саййидуна Әбу Хурайра,( Алла оған разы болсын), Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай дегенін риуаят еткен:
 

«Көлемі Ухуд тауымен бірдей алтыным болса, қарыздарымнан бөлек, соның бәрін үш күннің ішінде таратып шықпасам, көңілім тыншымас  еді» (Бұхари мен Муслим келтірген). 

 
Ән-Ну'мун ибн Башир былай деген:
 

Омар ибн әл-Хаттаб адамдар иеленетін дүниеуи нәрселер жайында айта келіп, былай деген: «Мен бірде Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), қарнын тойдыру үшін тапқан құрмаларының ішінен нашарларын таңдап алып жатқанын көрдім» (Муслим).


Саййида Аиша,(Алла оған разы болсын), былай деген:
 

«Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), дүние салған кезде, үйімде сөреде тұрған жарты арпа наннан басқа тіршілік иесі жейтіндей ештеңе жоқ еді. Мен оны жей бердім, жей бердім, ұзақ уақыт өткендей болып көрінгенде өлшеп қарасам, таусылған екен» (Бұхари мен Муслим келтірген).


Саййидуна Әбу Хурайра,( Алла оған разы болсын), Алла Елшісінің,( оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай дегенін риуаят еткен:
 

«Кедейлер жәннатқа байлардан 500 жыл бұрын кіреді» (әт-Тирмизи).


Саййида Аиша, (Алла оған разы болсын), былай деген:
 

«Мұхаммедтің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), отбасы оның өмірінің ақырына дейін арпа нанды екі күн қатарынан жеткілікті жеген кезі болған емес» (Бұхари мен Муслим келтірген).


Басқа риуаятта:
 

«Мұхаммед, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Мәдинаға келгелі, ол көз жұмғанға дейін отбасының үш түн қатарынан нанды тойып жеген кезі болған емес».


Урва Аишаның, (Алла оған разы болсын), былай дегенін риуаят еткен:
 

«Алланың атымен ант етейін, екі айдың бір жарым айында Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), үйінде от жанбайтын. Сонда мен: «Әпке, сонда сіздер немен күн көрдіңіздер?» - деп сұрадым. Ол: «Қара түсті екі нәрсемен: құрма мен су. Алайда, Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), ансар көршілері бар болатын. Олардың түйелері бар еді. Солардың бізге жіберген сүтін ішетінбіз», - деді (Бұхари мен Муслим келтірген).


Осылайша, Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), оның асыл отбасы қазір біздің қолымызда бар байлық пен дүние-мүліктен аулақ өмір сүрген. Ол бірнеше күн қатарынан аш жүргендіктен, қарнына тас байлап алатын болған. Баспанасы сияқты, киімі де өте жұпыны болған. «Рияд әс-Салихин» кітабында осы мәселені қозғайтын көптеген хадистер бар. Алайда, ойланатын адам үшін жоғарыда келтірілген хадистердің өзі жеткілікті болады.

Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), асыл сахабалары да осыған ұқсас ғұмыр кешкен. Пайғамбардан, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), ең көп хадис жеткізген және өмірін білім жарығын іздеуге арнаған сахаба – саййидуна Әбу Хурайра, (Алла оған разы болсын), былай деген:
 

«Абдулла ибн Амрдан (ибн әл-Ас) басқа, сахабалардың арасында менен артық хадис жеткізген адам жоқ. Ол хадистерді жазып отыратын, ал, мен жазбайтынмын» (Сахих әл-Бұхари).


Сайидуна Әбу Хурайраның, (Алла оған разы болсын), көп шариғат білімін алып, көптеген хадистерді жеткізуінің сыры неде жатқанын ойланар болсақ, оның ең басты себебі – кедей тұрғандығы және уақытын мал-мүлік жинау үшін жұмсамағандығында.

Имам Бұхари «Сахих» кітабында сайидуна Әбу Хурайраның,( Алла оған разы болсын), былай дегенін жеткізген:
 
«Адамдар мені көп хадисті риуаят еткен деп жатады. Құрандағы мына екі аят болмаса, мен бірде-бір хадисті емес,  мына аяттарды риуаят еткен болар едім:


إِلَّا الَّذِينَ تَابُوا وَأَصْلَحُوا وَبَيَّنُوا فَأُولَـٰئِكَ أَتُوبُ عَلَيْهِمْ ۚ وَأَنَا التَّوَّابُ الرَّحِيمُ
إِنَّ الَّذِينَ يَكْتُمُونَ مَا أَنزَلْنَا مِنَ الْبَيِّنَاتِ وَالْهُدَىٰ مِن بَعْدِ مَا بَيَّنَّاهُ لِلنَّاسِ فِي الْكِتَابِ ۙ أُولَـٰئِكَ يَلْعَنُهُمُ اللَّـهُ وَيَلْعَنُهُمُ اللَّاعِنُونَ
 
 
Шүбәсіз, біздің мухаджир бауырларымыз базарда дүние-мүліктің (ауыл шаруашылығы) әуресімен жүретін. Бірақ, мен (Әбу Хурайра) Алла Елшісінің, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), қасында қалып, қарныма әйтеуір бірдеңе барғанына қанағат етіп, олар көңіл бөлмеген нәрсеге көңіл бөлетінмін, олар естерінде сақтамаған нәрсені есімде сақтайтынмын»1.

Сондай-ақ, Саййидуна Әбу Хурайра,( Алла оған разы болсын), былай деген:
 

«Мен 70 асхабу-с-суффаны көрдім. Олардың арасынан шапаны бар бірде-бір адамды кездестірмедім. Олар белдеріне таңғыш орап алып немесе мойындарына жайма (киса') байлап алып жүретін. Кейбіреулері ол шүберекті тізесіне дейін түсіріп қойса, кейбіреулері тобықтарына дейін түсіріп қоятын. Әуреттері көрініп қалмас үшін үстіндегі шүберектерін қолдарымен ұстап жүретін» («Сахих» әл-Бұхари).


Пайғамбарлар мен сахабалардың Сүннетіне сәйкес, үмбетіміздің ұлы имамдары мен ғұламалары да өздерін шектеп, жоқшылықта өмір сүрген. Олар сән-салтанат пен жайлылыққа толы өмірге қарағанда қиындықтар мен сынақтарға толы өмірді таңдаған.

Саййидуна имам Шафии,(Алла оны мейіріміне бөлесін),былай деген:
 
«Тәкаппарлықпен, менмендікпен ілім іздеген адам табысқа жетпейді, ал, өзін төмендетіп, материалдық қиындықты басынан кешіріп, ғұламаларға қызмет етіп білім іздейтін адам табысқа жетеді».

Сонымен қатар, Имам Шафии тағы да былай деген:
 
«Ілім іздеу өте мұқтаж адамның ғана қолынан келеді».

Саййидуна имам Мәлік, (Алла оны мейіріміне бөлесін),былай деген:
 
«Жоқшылықтың зардабын тартып, басқасының бәрін тәрк етіп, кедейлікті таңдамаған адам өзі қалаған ғұламалықтың дәрежесіне жете алмайды».

Дауд ибн Михрак былай деген:
 
«Мен Назр ибн Шумайлдың былай дегенін естідім: Аштықты сезініп, содан кейін аш екенін ұмытпайынша, ешкім шариғат ілімінің рахатын сезінбейді».

Саййидуна имам Ахмад ибн Ханбаль, (Алла оны мейіріміне бөлесін), барлық нәрседен кедейлікті артық көрген. Ол былай деген:
 
«Кедейлікке сабырмен қарау– бұл ұлы тұлғалар ғана жете алатын тұрақ (макам), байлықтан кедейлік әлдеқайда артық».

Имамдардың бірі имам Ахмадтың кейдейлікке қандай шыдамдылықпен, сабырмен төзіп баққанын айтқан. Оның сабырлықтың ең жоғары дәрежесіне жеткені соншалық, сабырдың өзі оған: «Жетер», - деп жалынған. Сонда имам Ахмад оған: «Әй, Сабыр, сабыр ет», - деген.

Имам әз-Забиди, рахимахуллах, бірқатар өлең жолдарында былай деген:
 
«Мен кедейліктен: «Пақыр, сен қай жерді мекен етесің?» - деп сұрадым. Кедейлік: «Факихтердің сәлделерінде. Менің олармен үзілмейтін тығыз байланысым бар»2.

Оған қоса, Исламның ұлы кемеңгерлері шариғат ілімдерін алу жолында көптеген қиындықты (кедейлікті ғана емес) бастарынан кешірген. Олардың өмірлерінде орын алған тауқымет пен мұқтаждық, фитнә мен кедейлікке қатысты жағдайлардың көп болғаны соншалық, оның бәрін бұл жерде айтып жеткізу мүмкін емес. Қалаған адам шейх Абдуль-Фаттахтың жоғарыда айтылған кітабын оқыса болады.

Ғұламаларды жеткілікті деңгейде қамтамасыз етудің маңыздылығы

Осының бәрін айта келіп, ғұламалар мен шейхтердің белгілі бір табыссыз күн көре алмайтынын да назардан тыс қалдыра алмаймыз. Олардың да төлейтін шоттары бар, оларға тұрғын үй қажет және де асырауды қажет ететін отбасылары бар. Сол себепті, сүннет ғұламалары сіңірі шыққан кедейліктің де Исламға қызмет ету жолындағы кедергі екенін мойындайды.

Сайидуна имам Шафии, рахимахуллах, былай деген:
 
«Үйінде ұны жоқ адамнан ақыл сұрамаңдар. Өйткені, ондай адамның есіл-дертін жоқшылық билеп алған»3.

Ғұламалар мұны былай түсіндіреді: егер ғалым сіңірі шыққан кедейлік пен жоқшылықтың зардабын тартып жатса, ілім үйретіп, Алланың Дініне қызмет етуге толық  ден қоя алмайды. Ол үнемі «отбасымды қалай асыраймын, қажеттіліктерімді өтеуге табысты қайдан табамын» деген ойда жүреді.

Осылайша, ғұламалар кедейліктің екі түрі туралы айтқан:

1. Әл-факр әл-асвад – қара кедейлік.

Кедейліктің адамның ойын түгелдей жаулап алатыны сондай, «нәпақамды қалай табамын» деген уайым оның санасын меңдеп алады. Бұл оның интеллектуалды мүмкіндігі мен қабілетін жояды. Сөйтіп, ол сусыз солған өсімдік секілді әлсірей береді. Мұндай кедейлік жайында Алла Елшісі, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), былай деген:
 

«Кедейлік адамды күпірлікке алып келуі мүмкін».

 
Пайғамбар, (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), мұндай кедейліктің зардабынан Аллаға жүгініп, қорғаныш тілеген.

2. Әл-факр әл-әбйяз – қанағатты кедейлік.
 
Бұл да кедейлік, бірақ, шектен шыққан кедейлік емес.Мұндай жағдайда адам өзінің материалдық қажеттілігін белгілі бір деңгейде қанағаттандыра алады. Ол Алланың берген ризығына риза болады, сол себепті, айналасындағы адамдардың тұрмысы оған қарағанда әлдеқайда жоғары болса да, кедейлік оның ақыл-ой мүмкіншілігіне кесірін тигізбейді. Берекелі кедейлік дегеніміз осы, яғни, кедейлік ілім іздеушіге береке сияқты беріледі, әсіресе, енді ілім ала бастаған шағында. Өйткені, ол байлық тәрізді дүниеуи нәрселерге қызығудан аулақ болады.
 
Осылайша, ілім іздеушілер өздері таңдап алған жолдың шектеулерден тұратын кедейлік және бойұсынушылық жолы екенін түсінулері тиіс. Білім мен тауқалықтың жоғары деңгейіне қол жеткізу үшін адамға бұл дүниенің сән-салтанатын құрбан етуіне тура келетіні сөзсіз. Ілім құрбандықты талап етеді. Тарихқа көз салсақ, ғұламалар мыңдаған миль жерді жүріп өтіп, аштықтың зардабын тартып, кейде тіпті қол-аяқтарынан айрылып, талай құрбандықтарға барған. Имам Замахшари ілім жолында жүргенде үсіп қалып, аяғын кесіп алып тастауға тура келген деген де сөз бар.
 
Егер адам ілім алудың бастапқы кезеңінде бұл дүниенің сән-салтанатын құрбан етуге дайын болса, кейін Алла Тағала ондай адамды Өзінің Нығметтеріне бөлейді. Жасырын ғылымдардың ұлы тұлғасы Ибн Атаилля әл-Искандари, (Алла оған рахым етсін), былай деген:
 
«Бастапқы қиындыққа төзе алмаған адам елеулі нәтижеге қол жеткізбейді» (ман лям такун ляху бидаят мухрика лям такун ляху нихайя мушрика).
 
Сонымен қатар, ислам қауымдары ғұламалардың да табыс тауып, күн көрулері керек екенін түсінуге тиіс. Өкінішке орай, жалпы алғанда, ислам қауымдары ислам ілімінің құндылығын басқа дүниелерді қадірлегені сияқты қадірлей бермейді. 
 
Олар үйреніп, үйретіп, зерттеп және білімдерімен бөлісіп, күні-түні уақыттарын Дінге арнаған ғұламаларға «өмірде содан басқа жақсы кәсіп таба алмаған адамдар» деп қарайды.
 
Сеніңіз: олар да одан бас тартып, сән-салтанатқа толы ғұмыр кешу үшін жұмыс істей алады. Олар да өз кәсіптерін ашып, байлық жинай алады. Бірақ, олар байлық табуды емес, Исламға қызмет етуді артық көреді. Ал, біз солардың материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етер болсақ – сол біздің ілімге қосқан аз да болса үлесіміз болмақ.
 
Имам Ибн Халдун, (Алла онған рахым етсін), өзінің «Әл-Муқаддима» деген белгілі еңбегінде «әдетте ғұламалардың кедей болуының негізгі себебі – халықтың қолда бар алтынын қадірлемегенінен» дейді. Олардың  маңыздылығын шын бағалайтын адамдар бірең-сараң ғана, сол себепті де, олар жеткілікті табыс алмайды. Олардың өздері болса, өзгелерден қажеттіліктерін өтеуді сұрап, тіленгісі келмейді. Сондықтан, кедей болып қала береді.
 
Басқа салалардың ғалымдарына қарағанда ислам ғұламаларының құндылығы әлдеқайда жоғары. Өйткені, ол ғалымдар біздің осы дүниеміздің, жер әлемінің қамын жейді, ғұламалар болса, бізге бұл дүние мен о дүниеге қатысты ақыл-кеңес береді. Сол себепті, басқа да салалардың мамандарына қамқорлық танытқанымыз сияқты, оларға да қамқорлық танытуымыз қажет.
 
Осылайша, біз ғұламаларымызға жайлы жағдай жасауымыз керек. Оған қоса, оларға мұқтаж адамдар сияқты емес, мәртебесі мен құндылығына сәйкес, лайықты түрде алғыс ретінде қамқорлық танытуымыз керек. 
 
Қазіргі кезде біз ғұламалардың ілім үйреткендері үшін алатын мардымсыз табыстарына отбасылары мен өздерін асырай алмай, жұмыс істеп, кәсіппен айналысуға мәжбүр болып жатқанын көріп жүрміз. Соның нәтижесінде, олардың интеллектуалдық мүмкіншіліктері Исламға қызмет ету үшін пайдаланылмайды. Сол себепті де ілім үйретіп, зерттеумен айналысуға толықтай ден қойған ғұламалардың саны өте аз, әсіресе, Батыста.
 
Ислам қауымдары естерін жиып, ғұламалардың жұмысын қадірлей білуі керек. Олар сол шейхтерге мардымсыз жалақы төлеп, немқұрайдылық танытпай, құрметпен, лайықты түрде қарап, олардың қажеттіліктерін өтеулері тиіс. Сонымен қатар, ілім іздеушілер өздері таңдап алған жолдың байлық жинаудың жолы емес, құрбандық пен қиыншылық жолы екенін түсіне білуі тиіс. Осындай тепе-теңдік болса, Алланың қалауымен, сыртқы қасиеттерімен де, рухани қасиеттерімен де тақуа ата-бабаларымызға ұқсайтын ғұламаларымыз болады.
 
Ең дұрысын Алла біледі.
 
[1] Сахих әл-Бухари, 1:190
 
[2] Әбу Ғұдданың "Сафахат мин Сәбрил Уләмә" кітабынан алынған
 
[3] Манкиб,  Имам Шәфиғи - Байхақи

ИНТЕРЕСНЫЕ МАТЕРИАЛЫ

Image
Жаратушыға деген махаббат – жүрек пен жан азығы әрі көздің нұры!
Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ Аллаға тән, Оның Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), отбасына, сахабаларына Алланың жарылқауы болсын. Баршамызды Алла Тағала Өзі сүйген ...
5 933
1
16 октября, 14
Image
Жел шығарған адамның үстінен күлуге болады ма?
Сұрақ: Менің білейін дегенім, егер бір адам жел шығарған болса, соған күлудің үкімі қалай болады? Жел шығарып қойған адамның үстінен басқаларының күліп, мазақтап жататындарын жиі көріп жүрмі...
5 711
13 октября, 14