Image
Мен қалай Ханафит болдым
Бала кезімде ауылды жерде тұрғанмын. Отбасым маған Құран жаттату үшін қай жерге оқыту керектігін білмеді. Ауылда әр жұма сайын айқай- шу болатын бір ғана мешіт бар еді. Барелвилер өз имамдар...
6 865
1
8 сентября, 14

Мен қалай Ханафит болдым

6 865
1
8 сентября, 14
АВТОР ЦИКЛА
Мен қалай Ханафит болдым
Алла Тағалаға сансыз мадақтар және де Оның Пайғамбарына салауаттар жолдаймыз.
 
Бала кезімде ауылды жерде тұрғанмын. Отбасым маған Құран жаттату үшін қай жерге оқыту керектігін білмеді. Ауылда әр жұма сайын айқай- шу болатын бір ғана мешіт бар еді. Барелвилер өз имамдарын шығарғысы келсе, мәзһаб ұстанбайтындар өз имамдарын шығарғысы келетін. Сол ауылда Деобандылық бір отбасы болған, олар өз ойларын ешқашан айтпайтын. Осылайша талас- тартыспен, имамсыз алты ай өтті. Кей кездері мешіт екі жамағат болып бөлініп алатын. Бұл жағдай менің әкемді қатты толғандыратын. Ақыр соңында мешіт екі жамағатқа айырылды. Ең соңында Бірқұдайшылықты мәзһаб ұстанбайтындар жақсы түсінеді деген әкем мені соларға оқуға жіберді. Осылайша мен хафиздікті меңгеру үшін мәзһаб ұстанбайтындардың медресесіне кеттім.
 
Мені қалай оқытты
 
Мектеп қабырғасында араб әліппесін жаттап алған болатынмын. Сондықтан да ұстазым бірінші дәрісте бірінші парадан бастады. Ол бізге аяттарды қайталауды бұйырды, біз оны қайталап, жаттай бастадық. Осыдан соң ұстаз бізге бір ханафилік мүфтиді басып озғанын, одан соң ханафилік ғалыммен сөз таластырып, жеңіп кеткенін айтып берді. Осыдан соң ол бізге бір хабарландыру көрсетті де былай деді: «Қараңдар! Бұл осыдан жиырма жыл бұрын жазылған хабарландыру. Бұл бүкіл әлем ханафилеріне үндеу. Бұл жерде біз олардан Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «рафъ йәдәйн» (қол көтеруге) тиым салған бір хадисін келтіріп беруін талап еткенбіз. Бізге Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ғасыр өткен соң оның дініне емес, үмметке Әбу Ханифаның соңынан ілесу міндеттеледі деп айтқанын келтіріп беріңдер дедік. Біз олар жауап берсін деп тіпті, бірнеше мың тиын да ұсындық. Бірақ ешкім жауап берген жоқ».

Ұстаздың жалған сөздері шәкірттерге қатты әсер берді
 
Ұстаз тағы да былай деді, бірде Делиге бара жатқан жолда олар Деобандқа тоқтаған екен. Намаз уақыты кіргенде барлық ұстаздар мен шәкірттер мешітке жиналады. Мен сол жерге кірген кезде оларға хабарландыруды көрсетіп, былай деп сұрадым: «Сендердің медреселеріңе осы қағазды жыл сайын жолдайды. Сендер неге хадис жібермейсіңдер?» Ұстазымыз сөзін жалғап: «Сол жерде отырған ұстаздар ұялғандарынан қызарып, ондай хадис көрмегендерін айтып, былай деді: «Үнемі осы хадисті жіберуімізді сұрап бізді неге ыңғайсыз жағдайға қалдыра бересіздер?». Ұстазды тыңдай отырып біз керемет деп естіп жүрген Деобандтағы медресе біз ойлағандай емес екенін түсіндік. Егер біздің ұстазымыз Деобандтық ұстазды басып озған болса, ондай хадис табулары мүмкін бе?
 
Ихтиләф деген не?
 
Әлбетте біз ұстаздан олар мен сүннилердің айырмашылығы неде деп сұрадық. Ол былай деп жауап берді:
 
«Балам, біз де, сүннилер де Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзіне сенеміз. Бұл мәселеде біз- бірміз. Бірақ біз кімнің сөзіне сенсек, соның соңына ілесеміз деп айтамыз. Олар болса Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзіне сенеміз дейді де, Әбу Ханифаның (оған Алла рақым етсін) соңынан ереді».
 
Сонда біз былай деп сұрадық: «Ұстаз, бірақ имам Әбу Ханифа (ол кісіге Алла рақым етсін) ислам ғұламасы әрі ол кісі Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзін мұсылмандардың түсінуіне жәрдем берген ғой, себебі ғалым кісі саналы түрде хадистерге қарсы шығуы мүмкін емес».
 
Ұстазымыздың жауабы мынандай болды:
 
«Имам Әбу Ханифа (ол кісіге Алла рақым етсін) өте әділ кісі болған, бірақ оның заманында барлық хадистер жинақталып болған жоқ еді. Сондықтан да Әбу Ханифа (ол кісіге Алла рақым етсін) көптеген жарлықтарын қияс арқылы жазған. Тіпті ол өз қолымен егер оның ойы хадиске қарсы келіп жатса, хадисті алып, оның сөздерін тастау керектігін жазып кеткен. Бірақ бұл ханафилер өте қыңыр мінезді».
 
Осы кезде үммет неге бірінші фиқһпен, содан соң барып қана хадиспен айналысқан деген сұрақ ойымызға келмепті. «Сыхах Ситтаны» жинақтаушылар төрт имамнан соң келген, алайда олардың ешқайсысы да ханафи я болмаса шафиғи фиқһын теріске шығаруға арнайы бөлім арнамаған.

Хадис ілімі

Ұстаз бізге:
 
«Маталар мата дүкенінде, қант- қант сататын сөреде сатылатындай, хадисті де хадис білгірінен ғана ала аласың. Ешқандай да медреселерде хадис үйретілмейді. Егер сендер бізден шығып кететін болсаңдар, жер бетінде хадиске деген шөлдеріңді қандыра алмайсыңдар. Хадисті тек біз ғана береміз, болды, нүкте».
 
Ол кезде біз аңқау болатынбыз әрі әһлі хадисшілер арасында әһлі Құран деген де бауырларымыздың барын әрі олар да дәл осылайша айтатындарын білмейтін едік. Бірақ ұстаз бізді сендіру үшін былай деді: «Құранды тек әһлі Құран жамағатынан үйрену керек, біз Құранды білмейміз ғой». Осылайша бізді шынайы иман еткендер – санаулылар, ал қалғандары хадисті жоққа шығарушылар дегенге сендірді.
 
Сенім үшін мың шейіттің сауабы
 
Әлі есімізде, біз нәпіл намаз оқымайтынбыз. Керісінше, нәпіл оқып жатқандарға күлетінбіз. Және де ханафилер сүннет пен нәпілге көп көңіл бөледі деген желеумен сүннетке де онша мән бермейтінбіз. Иә! Алайда ұмыт болған сүннет амалдарға қатты мән беретін едік. Мысалы, жамағат намазында қасыңда тұрған адамның тобығына тобығымызды тигізіп тұратын едік. Бұл ұмыт болған сүннет амал және де мұны жаңғыртқан адамға жүз шейіттің сауабы жазылады деген. Сол секілді «әминді» жария айту. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Әмин» сөзін ұнатпайтын адамдар үмметімнің яһудейлері болады, сондықтан да «әмин» сөзін неғұрлым қаттырақ айту керек»,- деген. Сені қаншалықты көп ханафилер естіген болса, саған мың шейіттің сауабы жазылуда. Әрі яһудейлердің ызасына тигенің үшін бөлек сауап тағы бар.
 
Нағыз фиқһ деген қандай?
 
Біздің ұстазымызда мауләуи Мұхаммад Юсуф Джайпуридің «Хақиқатул-фикхы», мәуләуи Мұхаммад Рафиқ Пасруридің «Шамшер Мухаммадийя бар ақаид Ханафийә» және мәуләуи Мухаммад Жонагридің «Шамаиль Мухаммади» атты еңбектері болған. Біз ұстазбен отырғанда ол жарлық оқитын. Осыдан соң біз басымызды ұстап, тәубе жасайтынбыз:
 
«Мұндай сұмдық нәрселер үндістер мен сикхтардың кітаптарында да жоқ. Ей, Алла! Егер үндістер, сикхтар және христиандар бұл жазбаның бар екендігін білер болса олар мұсылмандардың беделі қалмапты дер еді».
 
Қысқаша айтқанда біздің түсінігіміздегі ханафи мәзһабы – ең лас мәзһаб болып қалыптасты, тіпті үндістер, сикхтар мен христиандар да олармен ешнәрсесінің ортақ болғанын қаламайды.  
 
Әдіснама
 
Осылайша біз негіздерді сіңіре бастағанда ұстазымыз бізге қарапайым ханафиге барып, өзінің ұстазына апарып, бізді ханафи қылатын хадис көрсетуін талап етуге тапсырма берді. Қарапайым ханафилер шынымен де бізді өздерінің ұстаздарына апарды. Біз одан Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оның сүннетін тастап, Әбу Ханифаның (оған Алла рақым етсін) соңына еріңдер деген хадисін көрсетуін талап еттік. Сұрағымызға тиісінше жауап ала алмадық. Біраздан соң әлгі ханафилерге ұстаздары бірде бір хадис келтіре алмағанының куәсі болыңдар дедік. Осы жағдайдан соң әлгі ұстаз бізге ренжитін де, біз кете баратынбыз. Ал біздің ұстазымыз бізге сондай риза болатын. Ол өзінің шәкірттерімен әр ауылда мақтанып жүретін:
 
«Қараңдар! Бұл бала бір де бір сұрағына жауап бере алмаған ханафилік ұстазды жеңіп кеткен. Ол ұстаз бұл балаға ешқандай да хадис келтіре алмады!». Осы кезде барлығы: «Ақиқат келді. Негізсіз нәрселер жойылды. Сөзсіз, бекер нәрселер жойылады” де»,- дейтін.  (Исра сүресі, 81 аят).
 
Алты негіз
 
Біздің ұстазымыз бұл салада мықты сарапшы болатын. Ол оларды жеңу үшін бізге Құран, хадистер және фиқһтың керегі жоқ дейтін. Тіпті білімсіз адамның өзі егер ханафилердің мазасын алатын болса, ол адамға жүз шейіттің сауабы жазылады дейді.
 
1. Ханафиді жолықтырар болсаң, қолға сағат тағу жайлы хадисте дәлел келген бе деп сұра. Мұндай сұрақ қою үшін ешқандай білімнің қажеті жоқ. Тіпті алты жасар баланы дәріханаға жіберіп, бір дәріні нұсқап, былай деп сұраса болады: «Бұл дәрінің атауы хадисте келген бе?». Осындай сұрақтарды қойған соң мешітке келіп: «Мен бір ханафиден хадис келтір деген едім, ол жауап бере алмады»,- деп жариялаңдар. Ендігі жерде әрбір мәзһаб ұстанбайтын адамның міндеті – бәлен деген ханафилік ғалым бірде- бір хадис білмейді деген қаңқу сөз тарату.
 
2. Егер сендерді сөзден ұстағылары келсе, саспастан: «Сен жазып отырған қаламның маркасы келген хадисті келтіріп берші»,- деңдер де, артынша: «Ал қандай хадис бұл маркаға тиым салады екен?»,- деп жауабын беріп тастаңдар. Осыдан соң сенімді түрде: «Сен ол қаламға тиым салынған хадис келтіре алмай тұрсың, сен өзіңді қорғай алмай тұрсың. Сен басқа нәрселердің тиылғаны туралы хадис те келтіре алмайсың...»,- деп шағым айта беруге болады. Осыдан соң бүкіл мәзһаб ұстанбайтындар бір- біріне: «Ол бейшаралар хадисті қайдан білсін? Олар бар ғұмырларын фиқһты үйренумен өткізген ғой»,- деп айта бастайды.
 
3. Егер ханафилік біреу хадис жинағын әкеліп: «Сен әһлі сүннеттенсің ғой! Өзің ұстанбайтын хадистерге қарап шық»,- дер болса, қорқудың қажеті жоқ. Бетіне қарап күл де: «Керемет! Бұл не кітап? Біз тек қана Бұхари мен Муслимді ұстанамыз. Жоқ дегенде «Сыхах Ситтаны» (алты негізгі хадис жинағы)»,- де. Өзге жинақтардан жай ғана бас тартып қана қоймай, кітапты әкеліп тұрған адам ұят қысқаннан жинақты тыға салатындай дәрежеде мазақ қыл. Міне, енді сен қауіпсізсің.
 
4. Егер саған алты жинақтың ішінен саған қарсы келетін бір дәлел көрсетер болса, жағдайға нақты сәйкес келуін талап ет. Егер сондай хадис тауып беретін болса 100 000 рупий берем деп уәде бер. Бұлай қадианилер жасайды: олар Иса (оған Алланың сәлемі болсын) көкке денесімен көтеріліп кеткен деген хадис келтіруін сұрайды. Әрі бұл хадис сахих, сариф, марфуъ және ғайр мәжрух болуы тиіс. Мәзһаб ұстанбайтындар хадис талап еткенде «мансух» (күшін жойған) және «рафъ йәдәйн» (қол көтеру) сөзімен қоса талап етеді. Қарсыластарың сендердің қысымдарыңнан соң үнсіз қалғаны үшін көп шағым айта беріңдер.
 
5. Егер сендерге кенеттен сендер қалаған нәрсені келтіріп былай десе: «Қара! Сен сұраған сөз мына жерде!» «Бұл хадис әлсіз, әлсіз, әлсіз!»,- деп байбалам сал. (Әлсіз сөзін үш рет айтуың қажет). Енді саған ол хадисті қабылдаудың қажеті жоқ. Себебі сен қарсыласыңның бұл хадис жайлы ешнәрсе білмейтінін дәлелдеп тастадың. Ендігі жерде ол бұл хадистің әлсіз екенін білетін болады.
 
6. Соңында, егер сен намаз оқымайтын біреуді көретін болсаң, оған құлшылық қылуды баста деп айтудың қажеті жоқ. Ал егер намаз оқып жатқан адамды көретін болса, жедел түрде оған құлшылығының қабыл болмайтынын айт. Бұл біздің алты негізіміз болатын. Менің әкем оразаға, намазға, сондай- ақ тахажуд намазына қатты мән беретін. Мен күн сайын әкеммен оның бірде бір құлшылығы, тахажуді, оның сенімі қабыл болмайды деп сөзге келетінмін. Әкем болса: «Сөз таластырма. Менің құлышылығым да, дұғам да қабыл болады»,- дейтін. Мен: «Не деген сұмдық! Алла Тағала екі ғана намазды берген жоқ па? Бірі Мәдинада, екіншісі – Куфада. Бізді Жәннатқа апаратын намаз – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазы». Әкем оған: «Бос сандырақ айтуды доғар»,- дейтін. Бұл біз үшін үлкен жеңіс саналатын. Әрі мен оған үнемі оны сыйлайтынымды айтатынмын, ол болмағанда мен фиқһтың былығына батып отырар едім. Және де оның басын сонымен қатыратын едім деп жиі айтатынмын. Осылайша бірнеше жыл өтті.

Көшу
 
Біз жаңа қалаға көшіп келді. Ол жерде мені ешкім мақтамады, ешкім желіктірмеді. Бірақ мен қалалық медресеге барып жүрдім. Ол жерде мен араб тілінің граммматикасынан сабақ алдым. «Булуғ әл- марам» және Насаиден. Ол жердегі мақсат- кітапты ұстазбен оқып шығу емес, нақты бір сұрақты қарастыру болды. Мысалы, «Фатиха» сүресі имамның артында тұрғанда қалай оқылады, рафъ йәләйн, «әминді» жария айту, намазда қолды кеудеге қою, аяқты қою тағы басқа. Егер сен осыларды білетін болсаң, емтиханды «өте жақсыға» тапсыруың мүмкін. Бірақ қалалы жерде ауылдағыдай қатал болған жоқ.
 
Таласқа деген құштарлық
 
Ол кезде менің ұстазым мәзһаб ұстанбайтын мәуләна Абдул Жаппар Мухаддис Ханделуи болған. Бірде ол мені шақырып алып, алләмә Әнуар Шах Кашмиридің шәкірттері келгенін және олармен пікірталасқа түсу керектігін айтты. Мен оған былай жауап бердім:
 
«Хазрет! Менің қолымнан не келеді? Егер имам Әбу Ханифа (оған Алла рақым етсін) қабірден тіріліп келсе де бізбен таласта жеңе алмайтын еді! (Алла мені кешірсін)! Бізде хадис бар, ал оларда тек қияс қана». Ұстазыма бұл сөздер қатты ұнап, ол маған дұға қылды да, қолыма бір жапырақ қағаз ұстатты. Ол жерде былай жазылған еді: «Әлемнің барлық ханафилеріне үндеу. Сыйақы көлемі – 100 000 рупий». Ол маған бұл қағазды алуымды бұйырды да, жеңіс сенікі деді.
 
Ид Ға- да
 
Екі ханафилік ұстаз Ид Ға медресесіне тоқтаған екен. Мен  мәуләна Абдул-Ханан Сахибты көптеген адамдар қаумалап қоршап алғанын, ал мәуләна Абдул - Қадир Сахибтың жанынан аз ғана адам көрдім. Өз ойымша мәуләна Абдул- Ханан білімдісі деп ойлап, қасына барып отырдым да, хазреттің иығынан, кейін басынан түрте бастадым. Хазерт маған бірнеше рет қарады да, үндеген жоқ. Мен төртінші рет иығынан түрткен кезде ол:
 
«Не істеп жатырсың?»,- деп сұрады.
 
Мен онымен сөйлесудің амалын жасаған едім. Мен сол жерде әлгі қағазды шығардым да оған беріп былай дедім:
 
«Хазрет! Әһлі хадис жұрты біздің мазамызды алып жатыр. Олар бізге бір хадис келтіріп беру үшін 100 000 рупий бермекші. Алайда біздің ұстаздарымыз ондай хадис білмейді. Бізге көмек беріңізіші, олардың он бір сұрағына жауап болатын сол хадисті жазып беріңізші?»
 
Хазрет болса:
 
«Мен урду тілінде көп уақыттан бері дәріс бермеген едім, ана жерде мәуләна Абдул- Қадир отыр, соған бар, ол урдуды жақсы біледі әрі оны бұл сұрақ қызықтырады»,- деді.
 
Мен орнымнан тұрып, мәуләна Абдул- Қадирге бардым, хазрет мәуләнаға қарап:
 
«Бұл бала өте ақылды екен. Ана сұрағын түсініріп берші. Алланың қалауымен лас нәрсе шайылып кетеді деген үміттемін»,- деді.
 
Мәуләна қағазды алды да оқи бастады. Ол оқып жатқан кезде мен оның жүзін бағып тұрдым. Кейде ол жеңіл жымиды, кейде ашу байқалды. Осылайша ол қағазды түгел оқып шықты.
 
Ниет
 
Хазрет былай деп бастады:
 
«Балам, ниетіңді түзе. Егер адам діннің әмірін түсіну ниетімен я болмаса орындау ниетімен сұрақ қояр болса, сұрағы үшін бір сауап, ал соны орындағаны үшін тағы да сауап алады. Ал егер бүлік тудыру үшін қояр болса, оған сұрақты қойғаны үшін және де бүлік бастағаны үшін күнә жазылады. Мен саған діннің әмірін жалғыз ғана мақсат – Алланың разылығына жету үшін ғана түсіндіріп беремін»,- деді.
Мен оған:
 
"Мен де Алла разылығын табу үшін осының бәрін ұғынғым келеді" - дедім 
 
Дәлелді кімдер келтіруі қажет?
 
Хазрет:
 
«Мына қағазда көптеген өтіріктер бар, бірақ бір ғалымның өтірігін басқа ғалым ғана таниды. Кез келген адам ол өтірікті көре бермейді. Бұл жазбаның авторы өзін әһлі хадис жамағатынан дегенімен, расында ол хадистерді жоққа шығарады. Себебі бір хадисте былай делінеді: «Дәлелді шағым айтушы келтіруі керек» (Тирмизи, 1 том, 249 бет). Тіпті зайырлы соттың өзі де шағым түсірушіден дәлел талап етеді. Мына жерде жазылған он бір сұрақтағы шағымдар мәзһаб ұстанбайтындардан келген. Демек, дәлелді олардың өздері келтірулері қажет. Алайда өздерінің дәлелдеріндегі әлсіздіктерін жасыру үшін олар сұрақты бізге қойып отыр. Қазыр мен оны мысалмен түсіндіріп беремін. Рафидиттер азанға «Мен Әлидің Алланың ардақтысы деп куәлік етемін» деген секілді бірнеше сөздер қосқан. Біз олардан осы сөздерді Әлидің (оған Алла разы болсын) енгізгенін я болмаса дәлел ретінде аят немесе хадис келтіруін талап етуге құқығымыз бар. Бірақ олар мұны ешқашанда, Қиямет күніне дейін дәлелдей алмайды. Бірақ өздерінің надан ізбасарларын алдау үшін мәзһаб ұстанбайтындардың сұрақтары секілді сұрақтар қояды. Міне қара. Егер олар сендерге: «Егер әлемнің барлық мәзһаб ұстанбайтындары жиналып келіп Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) азанның ішінде бұл сөздер жоқ деген бір хадисін (сахих, сарих, марфуъ, ғайр маджрух) келтіріп берер болса, біз оларға 100000 рупий береміз»,- десе. Ол кезде сенің ұстазың сондай хадис келтіруі қажет немесе шиилердің дұрыс екендігін мойындауы қажет. Өйткені бүкіл әлемнің мәзһаб ұстанбайтындары ондай хадис келтіре алмайды»,- деді.  
 
Мен былай деп жауап бердім:
 
«Ондай хадис келтіріудің қажеті не? Азанға сөз қосып айту керек деген адамның өзі дәлел әкелмей ме? Оған тиым салған хадисті іздеудің не керегі бар бізге? Ол қулық, жалған нәрсе».  
 
Ол болса былай деді:
 
«Сендер рафъ йәдәйн жасайсыңдар да бұған тиым салған дәлел келтіруді бізден талап етесіңдер. Бұл да қулық».
 
Ол одан әрі жалғастырып былай деді:
 
«Қара, Құрандағы бірінші сүре – «Фатиха». Оны «уммул Қуран» деп атайды. Ол сүренің ішінде көптеген сұрақтарға жауап бар. Біреулер тамақтанар алдында «Фатиха» сүресін оқу керек дегенге, ол сүрені имамның артында тұрғанда оқу керек пе деген мәселеде таласып жатады. «Фатиханың» ішінде екі басты негіз – Таухид пен тақлид жатқанына қармастан осындай жағдай орын алуда. Бірақ тамақтанар кезде «Фатиханы» оқитындар таухидты ұнатпайды, ал «Фатиханы» имамның артында тұрып оқитындар тақлидты ұнатпайды. Менің айтайын дегенім, анау да, мынау да «Фатиха» сүресінің мағынасын толық қабылдамайды».
 
Осыдан соң ол менен былай деп сұрады:
 
«Тамақтанар кезде «Фатиха» сүресін оқитындармен пікірталасқа түскен кезде «Фатиха» сүресін тамақ ішер кезде өмірден озғандарға сауабы тисін деген ниетпен оқуға болады деген хадис келтіріп беруін талап етіңіз. Бірақ олардан Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Фатиха» сүресін тамақтанған кезде өлілерге сауап ретінде оқуға тиым салған сахих, сарих, марфуъ, ғайр маджрух хадис алап ету құқығын беріңіз. Сол кезде олар да сізге сондай хадисіңіз үшін үлкен сыйақы береді». Ол артынша: «Ал, қане, оларға көрсет сондай хадисті»,- деді.
 
Мен:
 
«Бірақ олар «Фатиханы» тамақ үстінде оқиды ғой. Ол үшін дәлел іздеудің бізге қаншалықты қажеті бар? Олар бізден тиым салынған сөзі бар хадисті неге талап етеді?»
 
Ол менен былай деп сұрады:
 
«Фатиханы» имамның артында тұрғанда кім оқиды? Біз ба, сіздер ме? 
 
Мен болсам:
 
«Біз»,- деп жауап бердім.
 
Сол кезде ол былай деді:
 
«Олай болса бізден неге хадис талап етіп тұрсың? Шұғайбтың (оған Алланың сәлемі болсын) қауымы секілді неге сенің бір таразың сатып алуға, ал екіншісі сатуға арналған? Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзіңе қалағанды, бауырыңа да қалау керек деген сөзін ұмыттың ба (Бұхари, 6 бет)?»  
 
Нақты дәлел
 
Ол былай деді:
 
«Дәлел сұрауға болады, алайда нақты дәлел сұрауға болмайды. Нақты дәлелді Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мұғжизасына сенбей, өздерінің талаптарына сай мұғжизалар талап еткен кәпірлер сұраған. Оларға қалаған мұғжиза көрсетілген кезде, бізге талап еткен нәрсемізді бермеді деді. Осыдан соң олар ешқандай да мұғжиза көрмедік деп сөз таратты. Егер саған бір адам келіп: «Мен күнәһармын. Менің жасым алпыста. Мен намаз оқымағанмын. Мен бүгін тәубе еткім келеді. Маған намаз үйретші, бірақ бір шартым бар – маған барлық ракағатқа, мадақ сөздерге, әт- тахийәтқа және салауатқа Құран аяттарынан дәлел келтіріп бересің. Мен басқа дәлелдерді қабылдамаймын»,- десе осының барлығын Құраннан таба аласыз ба? Егер сіз ол адамға Құраннан дәлел келтіре алмасаңыз, оныкі қате болса да ол сіз ешқандай дәлел келтіре алмады деп айтады. Бұл – «дәлелдің нақтылануы» деп аталады. Залда сот дәлел келтіруді талап етіп, бірақ нақты дәлелді сұрамаса, сотқа қандай да бір дәлел келсе де оны тексерістен өткізу қажет. Мысалы, біреу Зейдті куәгер ретінде алып келді. Сіз Зейдті сұрақтың астына алуыңызға болатын еді, бірақ сіз Зейд куәгерлікке жарамайды әрі сіз тек қана елбасының немесе премьер-министрдің куәгерлігі керек дейсіз. Қандай да бір сотта мұндай тәсіл қолданылғанын көрдіңіз ба? Сіз Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сенесіз бе әлде ұстаздың соңынан соқыр ересіз бе?»
 
Хазрет сөзін былай деп жалғады:
 
«Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сенбей, мұғжизаға тек белгілі шарттармен ғана сенген кәпірлер секілді сендер де Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сенбейсіңдер! Оған сенеміз деп өздеріңді алдамаңдар! Сендер ұстаздарың қойған шарттарға ғана сенесіңдер. Имансыздар Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Алла Тағала олардың сұрағанын берсе немесе жасар болса ғана Оған иман келтіреміз деп айтқан. Сол секілді сендердің де ұстаздарың тек қана Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сол жағдайға қатысты нақты мысал айтса ғана сенеміз дейді. Ал шынымен де Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан сөздерді олар қабылдамайды».
 
Сол мезетте мен іштей хазретпен келісіп отырдым. Бізге жүз хадис келтірген кезде де Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) біздің ұстазымыз талап ететіндей нақты ешқандай нәрсе айтпағандықтан, біз оларға назар да  салмайтын едік. Бейне бір біз Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мына- мына нәрсені айтасың, болмаса біз иман келтірмейміз деп кеңес бергендейміз.
 
Сұрақ
 
Мен былай дедім:
 
«Хазрет! Ал сіз менің ұстазымнан ол таба алмайтын хадис талап етіп, келтірген хадисі үшін сыйақы тағайындай аласыз ба? Сол кезде ол өзіңіз айтқандай, мұның қулық екенін мойындайды».
 
Мәуләна күлімсіреп былай деп жауап берді:
 
«Өтірік деген нәрсе барлығымызға айналысуға болатын қажетті амал ма?»
 
Мен тағы да:
 
«Мен осының барлығын түсінуім үшін бір сұрақ жазып беріңізші?»,- деп сұрадым.
 
Сол кезде мәуләна әлгі парақтың артқы жағына былай деп жазды:
 
«Осы шарт бойынша, сіздер шариғатта тек қана сахих, сарих, марфуъ, ғайр мажрух хадистерді ғана қолдану керек деген бір хадис келтіріп беріңдер. Егер сендер осыны дәлелдеп беретін болсаңдар, мен сендерге 50 000 рупий беремін».
 
Ол осыны жазып, астына қол қойған кезде, ұстазымыз сыйақы 50000- нан кем болмауы керек дегенді басып айтатын, бірақ ол ешқашанда ешбір сыйақыға қол қоймайтын. Ол тіпті 5 цент болса да. Ал мәуләна болса еш қобалжымастан 50 000 рупий берем деген уадесіне қол қойды.
 
Қайта оралу
 
Мен қолыма қағазымды ұстап келе жатқанда ұстазымның мені шарбақ сыртында күтіп тұрғанын көрдім. Оған жақындаған сәтте ол:
 
«Қалай, қағазды ашып оқуға дәті барды ма?»,- деп сұрады.
 
Мен оған:
 
«Ұстаз! Бүгін сондай ауыр күн болды. Бір адам оны оқып қана қоймай, бізден хадис талап етті. Егер сіз оған хадисті келтіріп берсеңіз, ол сізге 50000 рупий береді. Ол қолын да қойып берді. Ұстаз, қолыңыздағы қағазға хадисті жазып беріңіз, мен сізге сыйлық әкеліп беремін»,- дедім.
 
Ол кез желтоқсанның аяз қақап тұрған кез еді. Бірақ, тек бірінші жолын ғана оқыған ұстазым маңдайынан аққан терді үш мәрте сүртті. Ұстазымның қысылғанынан терлеп кеткенін көрген соң қойылған сұрақ оңайдан емес екенін сездім.
 
Сұрақты оқып, ұстаз былай деді:
 
«Балам! Бұл шарттар бізді алдау үшін жазылған». Мұны естіген кезде есім шығып кетті. Мен былай дедім: «Ұстаз! Бүгін маған мәуләна Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сенбейсің, ұстазыңның жалған талаптарына ғана сенесің деп айтты. Енді мен не істейін?»  
 
Тағы бір сұрақ
 
Бірде мен кітаптарды, кітапшаларды және өзге де ұстазға арналған заттарды үстлелдің үстіне қойып шыққан едім. Ол жерде екі үлкендеу кітапша болды. Біреуі «Сахих Бұхари бойынша әлләмә Әнуар Шах Кашмиридің (Алла ол кісіге рақым етсін) дәрісі», екіншісі – «Дар Ъулум Деобанд ұстазы, араб және араб емес ұлттардың шейхы Сайд Хусейн Ахмадтың Тирмизидің еңбегі бойынша дәрісі». Бірде мен ұстазымнан:
 
«Ұстаз! Неге сіз мына көпқұдайшылардың кітаптарын сақтап жүрсіз»,- деп сұрадым. Ол кезде біз үшін ханафилерді көпқұдайшылар деп атау – өте жақсы амал еді әрі ол ұстаздарды қуандыратын. Олар бұған разы болып, бізді біраз уақыт мақтап жүретін.
 
Сол кезде ұстаз маған былай деп жауап берді:
 
«Балам! Біз олармен көп нәрселерде келіспейміз. Бірақ Алла Тағала оларға үлкен білім берген. Олардың еңбектерінсіз біз Бұхари мен Тирмизиді өзгелерге үйрете алмайтын едік».

Осы жағдай есіме түсіп, ұстаздан былай деп сұрадым:
 
«Ұстаз! Сіз олардың дәрісі болмаса Бұхари мен Тирмизиді өзгелерге үйрете алмайтын жандарды алдап жүрсіз бе?» мұны естіген ұстазым: «Кет бұл жерден! Екінші кіруші болма!»,- деді. Мен болсам: «Ұстаз! Сыйақыны алып кетейін, хадис жазып беріңіз»,- дедім. Ұстазым менің жағымнан бір тартты да, отыруымды бұйырды.
 
Оралу

Екінті намазының уақыты кірген соң, мен мәуләна Абдул-Қадирге қайтып келіп, былай дедім:
 
«Хазрет! Бұл сұрақтардың тек жалған әрі қулық екеніне көзім жетті. Неге сіздер хадистерді емес, имам Әбу Ханифаны (оған Алла рақым етсін) құп көресіңдер, жауап беріңізші, өтініш?»
 
Хазрет былай деп жауап берді:
 
«Сенікі дұрыс».
 
Осыдан соң ол маған «Иълә әс- Суннан» атты еңбектің урду тіліне аударылған аудармасын берді. Мен сол жерден хадистерді оқып, осы уақытқа дейін қандай жалған сөздерді сөйлеп келгенімді түсіндім. Осыдан соң барып ұстазыма келіп:
 
«Ұстаз! Сіздер неге «Иълә әс- Суннанның» хадистерін қабылдамайсыздар? Неге осы хадиске шақырушыларды әһлі рай деп атайсыздар? Егер де мәзһаб ұстанбайтын бір ғалым осы жайлы жазған болса, оны беріңізші, мен оқып шығайын»,- дедім.
 
Бірақ сұрақты талдай келе, ешандай мәзһабсыз адам бұл кітапты жоққа шығара алмайтынына көзім жетті. Медреседе «Иълә әс- Суннанды» оқып жүргенімді көрген ұстазым маған ренжитін, кейде тіпті ұратын. Әһлі хадис жамағаты хадистерге неге қас деген сұрақ мазалайтын. Осыдан соң мен:
 
«Неге маған хадистерді жаттауыма рұқсат бермейсіз?»,- деп сұрадым.
 
Ол болса үнемі:
 
«Біздің медресемізге мына жинақты не үшін әкелдің?»,- деп жауап беретін.
 
Бірде мен тақтаға әдемі жазумен былай деп жазып қойдым:
 

«Мә әсфартум бил-фажри фәиннаһу аъаму бил-ажри»

(Таң рауандап атып келе жатқан кезде оқылған таң намазының сауабы көбірек)
 
Медресе шулап кетті:
 
«Бұл хадисті кім жазған? Не үшін жазған? Ұстаңдар оны! Оны желкелеп алып шығыңдар!»
 
Келесі күні қабырғаға хадис жаздым:
 

«Абриду би зухри фаинна шиддатал-харри мин файхи жәһәннам»

(Бесін намазын, күннің ыстығы басылған кезде оқы, ыстықтың күші – Тозақтың үрленуінен)
 
Сол кезде менен:
 
«Неге бүлік шығарып жүрсің?»,- деп сұрады.

Келесі намаздың алында тағы да мына хадисті жазып қойдым:
 

«Факихун уахидун ашадду алә шайтани мин әл фи әбид»

(Шайтан үшін бір ғалым, мыңдаған құлшылық етушілерден де қауіпті).
 
Осыдан соң барып, бұл адамдардың хадисті қаншалықты жек көретіндерін білдім.

Үшінші мәрте
 
Мен мәуләнаға қайта келген кезімде ол былай деп сұрады:
 
«Тақлид шахсиды не деп атайды?»
 
Мен:
 
«Серік қосу»,- деп жауап бердім.
 
Ол тағы да:
 
«Олай болса аттары «Табақат Ханафияда», «Табақат Мәлкияда», «Табақат Шафиғияда» және «Табақат Ханбалияда» келген мухаддистердің барлығы серік қосушылар болғаны ма?»
 
Мен былай дедім:
 
«Еш күмәнсіз».
 
Ол былай деп жауап берді:
 
«Олай болса «Сыхах Ситтаны» көпқұдайшылар құрап шыққан. Сен «Булуғ әл- марамды оқыдың, олай болса Ибн Хажар да көпқұдайшы. Сен Насаиді оқыдың, ол имам Шафиғиға ерген, олай болса ол да көпқұдайшы».
 
Осыдан соң мен ұстазыма келіп, былай деп сұрадым:
 
«Егер қандай да бір мәзһабты ұстанбайтын мухаддис немесе мұсылман тарихшысы мухаддистердің өмірбаянын жазған болса, сол еңбекті маған көрсетесіз бе?»
 
Ұстазым ашуланып:
 
«Сен өзге шәкірттерге «Иълә әс- Суннаннан» хадистер оқып, медресе қабырғасына хадистер жазып бүлік тудырып жүрсің. «Табақат ғайр муқаллид» атты еңбек жоқ!»,- деді.
 
Мен мәуләнаға қайта келген кезде ол:
 
«Бір жерде ғайр муқаллидтің мешіті болса, медресесі болса, қабірі, Құран аудармасы, хадис аудармалары болса маған көрсет! Егер оларда намаз жайлы кітап болса – оны маған алып кел!»,- деді.
 
Алайда мұны ұстазыма айтқан кезде ол «қай жерге отырсаң сол жерден құлайсың» деген астырлы сөзді ұғынып қалды да маған қарап:
 
«Сен бүлік шығарып жүрсің»,- деді.
 
Әзіл
 
Бірде Насаи бойынша дәріс алып жатқанда «Фатиханы» имамның артынан оқу жайлы сөз қозғадық. Мен де сабаққа қатысып отырдым, бірақ кітапты алмаған едім. Ұстазым:
 
«Сенің кітабың қайда?»,-деп сұрады.
 
Мен:
 
«Бөлмемде қалды»,- дедім.
 
Ұстаз:
 
«Неге сабаққа әкелмедің?» - деп сұрады 
 
Мен:
 
«Оны көпқұдайшылар жазған. Имам Насаи «тауили қаулихи Азза уә жәлл уә изә қуриал-Қурану фастамжу ләһу уәнситу ләъаләйкум турхамун» жайлы бөлімін жазған және «изә қараә фанситу» хадисін келтірген. Бұл Алла мен Оның Елшісі имам оқып жатқан кезде үндемеңдер дегенге саяды».
 
Осы хадис пен осы аят менің ұстазымның пікірін жоққа шығарды. Сондықтан да ол хадисті «әлсіретіп» тастауды ұйғарды. Ол былай деді:
 
«Әбу Хайдар Ахмар мутафаррид, сондықтан да бұл хадис ойдан шығарылған. Және де Әбу Халидтің ешбір жинақта мутабиі жоқ. Мен әлләмә Әнуар Шахпен бұл жайында сөйлестім, бірақ ол ешқандай мутаби келтіре алмады. Мен көптеген пікірталастарға қатыстым, алайда мені ешкім жеңе алмады». 
 
Бірақ менің дайындығым жақсы еді. Ұстазым маған қарап, былай деп сұрады:
 
«Ей, Ханафит! Әбу Халидтің мутабиі бар ма?»
 
Бірақ ол кезде мен ханафи әлі бола қойған жоқ едім, алайда сонда да жауап бердім:
 
«Сен тәкаппарлықтан мұрныңды шүйіріп тұрсың! Бұлттардың арасынан мутабиді қалай көруге болады? Төменге қара. Сол кезде оның мутабиін Мұхаммад ибн Саад Ансариден дәл осы кітаптан көресің»,- дедім де, орнымнан тұрып саусағыммен атын нұсқадым.
 
Ол болса:
 
«Не депті ол жерде?»,- деп сұрады.
 
Мен:
 
«Мені сөге бер, бірақ алдыңда жатқан кітаптан мутабиді қалай оқымай кетуге болады? Осыған жауап берші»,- дедім.
 
Осыдан соң, ол мені қамшымен сабап, медреседен қуып шықты. Ал мен болсам «Иълә әс- Суннанды» және мәуләна Мухаммад Хасан Файзпурдің «Ситта Дарурийәсын», «Әд- Дәлил әл- Мубинін» меңгере бастадым. Бірақ мен әбден сіңіп қалған мәзһаб ұстанбайтындар секілді ойлаудан арыла алмадым. Фиқһтан сұраққа жолығар болсам, міндетті түрде оған дәлел болатын хадис іздеймін. Біраз ай өткен соң өзгеріс байқалды. Ендігі жерде аят немесе хадис көрер болсам:
 
«Ақылыма келген мағынасы дұрыс па, жоқ па? Мырза Қадиани я болмаса өзге де өткен ғалымдар дәл қазыр мен аят, хадисті қалай түсінген болсам, олар да солай түсінген бе?»,- деп ойланатын болдым.
 
Осылайша өз ойдан тәпсірлеу әдеті мені тастады да, мәзһабсыздық жүрегімнен өшті. Қазыр мен Әһлі Сүннет уәл Жамағат жолындағы ханафи, деобандпын.
 
Алла Тағаладан бізге тура жол беруін әрі сол жолда нығайтуын сұраймын. Әмин.

СТАТЬИ ПО ТЕМЕ

Image
Қанша сәжде жасағаныңды ұмытқан жағдайда
Сұрақ: Намаз оқып тұрғанда сәждеге қанша рет барғаныңды ұмытып қалатын кездер болады (бір рет пе, екі рет пе). Кейде ондай күмән басым болса, кейде әлсіз болады. Сондай жағдайда не істеу кер...
1 843
5 апреля, 18
Image
Ескі діни кітаптарды не істеуге болады?
Сұрақ: Ескі кітап немесе журнал яки басқа да діни кітаптарды не істеу керек? Оларды қағаз ұсақтағышпен ұсақтап, көміп тастауға бола ма?...
1 356
2 марта, 18

Комментарии: 1

Правила форума
Avatar
*Rustem*
1
Алла ақиқатты ақиқат білуді әрі оған еруді насіп етсін! Жалғанды жалған деп біліп, одан сақтасын!
9 сентября, 14

ИНТЕРЕСНЫЕ МАТЕРИАЛЫ

Image
Тақлид жайлы
Біраз күн бұрын біздің сайттың редакциясына сәләфи бағытты ұстанып жүрген бір бауырымыз келді. Ислам жайлы басталған әңгімеміздің аяғы пікір таласқа ұласып, бір сағатқа созылды. Әңгіме ақид...
4 878
1
18 августа, 14