Image
Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтудың артықшылығы
Алла Тағала біздің үмметке нәсіп еткен ұлы ғибадаттардың бірі – Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту. ...
6 789
12 декабря, 15

Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтудың артықшылығы

6 789
12 декабря, 15
АВТОР ЦИКЛА
Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтудың артықшылығы
Алла Тағала біздің үмметке нәсіп еткен ұлы ғибадаттардың бірі – Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту. Бұл мәнді құлшылық түрі ғана болып қоймай, сонымен қатар бізге ыңғайлы әрі оңай ғибадат болып табылады, себебі біз оны кез-келген жерде, кез-келген уақытта және кез-келген қалыпта жасай аламыз. Алла Тағала Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) биік дәрежесін былайша сипаттаған:
 

«Біз сені, (Мұхаммед), ең игі және қадірлі орынға көтердік».

 
Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан мұның мағынасын сұрағанда, олар (Алла олардан разы болсын) Алла мен Оның Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жақсырақ біледі деп жауап береді. Артынша Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұл аяттың мағынасын Алла Тағаладан келген құдси хадис арқылы түсіндіріп береді.

Сахаба Саид әл-Худри (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізеді:
 
«Жебірейіл маған келіп, былай деді: «Расында, Раббың сенен сұрады: «Уа, Мұхаммед, сенің есіміңді қалай көтергенімді білесің бе?». «Дұрысын Алла біледі» - деп жауап қаттым. Ол (Алла Тағала) айтты:
 

«Әр кез Мені еске алғанда, сенің де есімің Менімен қатар бірге еске алынады».


Адам (ъалейхис сәләм) жерге түсірілген кезінде, ол Алла тыйым салған ағаштан дәм татқаны үшін өкініп, қырық жыл бойы тәубесіне келіп, жылаған. Қырық жыл өткен соң ол Раббысынан Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) есімін дәнекер ете отырып, өзін кешіруді сұрағанында Алла Тағала оны кешіреді. Сол кезде Алла одан сұрайды: «Уа, Адам, сен Мұхаммед жайында қайдан білдің, Мен оны әлі жаратпадым ғой?». Сонда Адамның жауап бергені: «О, Раббым Алла! Мен Саған Жәннатта сәжде жасап жатқанда, Аршыда жазылған куәлік сөздерін («Алладан басқа Тәңір жоқ және Мұхаммед Оның Елшісі») көріп қалдым. Алланың қасында есімі жазылып тұрған болса, одан артық жан жоқ шығар деп ойладым. Содан менің түсінгенім – Мұхаммед Сен үшін ең ардақты, жақын адам».
 
Ең сараң адам кім?
 
Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқан:
 

«Менің атым аталған кезде салауат айтпаған адам – ең сараң адам». (Тирмизи)

 
Намаз оқу үшін күнде мешітке барып жүретін бір өте сараң адам жайында оқиғаны баян етелік. Ол түнгі намазға барар алдында майды үнемдеу үшін шамды әрдайым сөндіріп кетуші еді. Бір күні ол құптан намазына асыққаны соншалық, шамның отын өшіруді ұмытып кетіпті, тек мешітке бара жатқанда орта жолда есіне түседі. Артық май жұмсалып кететін болды ғой деп уайымдап, артқа қарай шегінуге бел буады. Есікті қағып тұрып әйеліне: «Есікті ашпай-ақ қой. Мен тек шамды өшіре сал деп айту үшін келдім», –  дейді. Сонда әйелі ішкі жақтан былай деп жауап береді: «Уайымдама, сенімен бірге қаншама жыл бірге тұрып келемін, сенің әдеттеріңді жақсы білемін ғой. Сен кеткен соң шамды өшіруді ұмытып кеткеніңді көріп, оны өзім өшіре салдым. Ал сен сол шамды айту үшін қаншама қашықтық жерді жүріп келдің, енді аяқ киіміңнің табаны тезірек тозатын болды ғой». Күйеуі былай депті: «Жоқ, аяқ киімім тоза қоймас, себебі мен жарты жолдан артқа қайтқанда аяқ киімімді шешіп алып, қолтығыма қыстырып алдым. Енді дәл сол жерге жеткенде қайтадан киіп аламын». Әйелі: «Ал сен маған есікті неге ашпа деп айттың?» – деп сұрайды. Сол кезде күйеуі: «Есіктің тұтқасы уақытынан бұрын тозып қалмасын деп оны ұстамадым», – деген екен.
 
Шынымен де бұл сараңдыққа адамның күлкісі келеді, алайда Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің аты аталғанда салауат (сәлем) айтпаған адамды ең сараң деп айтқан.

Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) құрметі үшін сұралған дұғалар міндетті түрде қабыл болады

Омар (Алла одан разы болсын) былай деген:
 

«Алла Елшісіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтпайынша, адамның тілеген дұғалары жер мен аспанның  ортасында тұрады».

 
Адам дұға жасап жатқанда көзінен жас төгіп жыласа, бұл – оның дұғаларының қабыл болып жатқандығының белгісі. Кез-келген адам дұға жасаған кезінде жылай алмайды, бірақ Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айту баршамыздың қолымыздан келеді. Сол үшін дұға жасар алдында, ортасында және соңында салауат айтуды әдетке айналдыруымыз керек, себебі ол дұғаның қабыл болуына кепіл.
 
Ең қысқа салауат түрлері
 
Салауатты жүз рет айту үшін небәрі 3-4 минут уақытымыз кетеді, сол үшін әр күні салауат айтуды арттыруымыз қажет, ең болмағанда жүз рет айталық. Ең қысқа салауат түрлері мыналар:
 
Саллаллаху ъалейхи уә сәлләм (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын)

Салауату алә набийль-умми
 
Салауатты қалай айтқан абзал?
 
Алла Елшісіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) деген құрметіміз бен әдебімізді танытып, салауат айтудың ең дұрысы – қыблаға бет бұрып, бар ынта-жігерімізбен көңіл бөліп, Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) деген махаббатымызбен салауат айту. Алайда оны күнделікті тірлігімізбен айналысып жатып айтсақ та, оның бұл дүниеде де, ақиретте де берер жемісі мен пайдасы мол, иншәә Алла.

Салауат айтудың ең маңызды тұсы – Пайғамбарға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) деген махаббатымызбен  айту. Әрбір мұсылман баласына Пайғамбарымызға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) деген махаббатпен, сүйіспеншілікпен оған көптеп салауат айту мүмкіншілігін Алла нәсіп етсін, әмин!

ИНТЕРЕСНЫЕ МАТЕРИАЛЫ

Image
Жұма күнгі әдеп
Алла Тағала бізді – өзінің құлдарын өте жақсы көреді, біздің Жұмаққа кіргенімізді қалайды. Сондықтан да Раббымыз Өзінің шексіз қазынасының сыйлықтарын қолдануымызға мүмкіндік береді....
4 336
26 ноября, 15
Image
Игі мінез
Исламды түпкілікті үйрене бастағанда тапқан көркем нәрселердің бірі — жақсы әдеп пен игі мінез. Әсіресе, маған бір шейхтың өз дәрісінде айтқан сөздері қатты әсер етті — жақсы әдеп сені мұсыл...
2 926
11 ноября, 15