Image
Тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген он сахаба
Осы аяттан көрініп тұрғандай, Алла сахабалардың барлығына Жәннатты уәде етеді. Көптеген жақсы қасиеттерге ие болған сахабалардың көпшілігі жалпы Жәннат жайында сүйінші хабарды алды. ...
6 352
5 августа, 15

Тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген он сахаба

6 352
5 августа, 15
АВТОР ЦИКЛА
Тірісінде Жәннатпен сүйіншіленген он сахаба
Мұсылмандардың ең басты мақсаттарының бірі – Жәннатқа жетуге талпыну. Себебі, Алла Құранда адамдарға Жәннатқа жету үшін жарысуды әмір етеді:
 

«(Алла мен Оның елшісіне бағыну арқылы) Раббыларыңның жарылқауына және (Алланың жазасынан сақтанатын) тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жәннатқа жарысыңдар» (3, 133).

 
Адамдардың көпшілігі Жәннатқа жеткен-жетпегендерін болашақ өмірде ғана біледі. Бірақ, кейбір адамдар, атап айтқанда, он сахаба осы өмірде-ақ сол сүйінші хабарды алды.
 

«Әрі аспандардың және жердің мирасы Аллабола тұрып, Алланың жолында  мал жұмсамайтындай сендерге не болды? Сендерден жеңіске дейін бергендер және соғысқандар (кейінгілермен) тең емес. Олардың  дәрежелері (Алланың алдында) кейінгілердің дәрежесіне қарағанда үлкен. Сондай-ақ Алла (сол екі топтағылардың) бәріне де ең жақсысын [Жәннатты] уәде етті. Алла істеген амалдарыңды толық білуші» (57, 10).

 
Осы аяттан көрініп тұрғандай, Алла сахабалардың барлығына Жәннатты уәде етеді. Көптеген жақсы қасиеттерге ие болған сахабалардың көпшілігі жалпы Жәннат жайында сүйінші хабарды алды. Бірақ, кейбір сахабалардың әрқайсысына жеке-жеке осы өмірде-ақ Жәннат уәде етілді. «Ашара мубашара» (Жәннатпен сүйіншіленген он адам) термині тірісінде-ақ осы сүйінші хабарды Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінен алған сахабаларды білдіреді. Сол сахабаларға қатысты «әл-мубашара биль-джәннә» термині де пайдаланылады. Ол сахабаларға мыналар жатады:
 

 Әбу Бәкір (григориандық күнтізбе бойынша 634 жылы көз жұмған),

 Омар ибн әл-Хаттаб (643 жылы көз жұмған),

 Осман ибн Аффан (655 жылы көз жұмған),

 Әли ибн Әбу Талиб (660 жылы көз жұмған),

 Тәлхәибн Убайдуллах (656 жылы көз жұмған),

 Зубәйр ибн Әууәм (656 жылы көз жұмған),

 Абдуррахман ибн Ауф (652 жылы көз жұмған),

 Саад ибн Әбу Уаккас (674 жылы көз жұмған),

 Саид ибн Зайд (671 жылы көз жұмған),

 Әбу Убәййда ибн Джәррах (639 жылы көз жұмған).

 

Бұл сахабалардың аттары хадистерде аталып, бекітілген. Негізі, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларының, оның ішінде осы ізгі сахабалардың өмір жолдары сипатталғанда, олардың өмірбаяндарының ертедегі Исламға тән қарапайым хикаялар екенін байқау қиын емес:
 
Ашара  мубашараға ортақ кейбір сипаттар:
 
 Олардың барлығы Исламды оның алғашқы жылдарында қабылдады;
 
 Олар Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен Ислам ісіне талай септігін тигізді;

 Хижра жасады;

 Барлығы дерлік Бадр шайқасына қатысты;
 
 Худайбийяда Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) серт берді;

 Олардың жақсы қасиеттері жайлы көптеген хабарламалар риуаят етілген;

 Олардың жайынан хабар беретін хадистер сенімді.


Әбу Бәкір әс-Сыддық (Алла оған разы болсын)

Ол − ерікті адамдардың ішінде Исламды қабылдаған алғашқы адам. Ол бірінші әділ халиф және ашара мубашараның арасында да маңдай алды сахаба болды. Шын аты − Абдуль-Кааба. Исламды қабылдағаннан кейін Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған Абдуллах деген ат берді. Әкелік лақап есімі − Әбу Бәкір. Сонымен қатар, оның Джамиуль-Құран («Құранды жинақтаушы»), Әс-Сыддық («шыншыл») және Әл-Әтик деген лақап аттары да белгілі. Солардың арасындағы ең әйгілісі – Әс-Сыддық.
 
Әбу Бәкір Піл жылынан кейін екі жыл, бірнеше ай уақыт өткеннен соң 571 жылы Меккеде дүниеге келді. Ол өзінің таңғажайып мінезімен және пәктігімен белгілі болды. Ол Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір немесе үш жас кіші болған деседі.
 
Оның аққұба, сымбатты мүсінді, сопақ жүзді, сирек сақалды, шұңғыл көзді және дөң маңдайлы болғандығы хабарланады.
 
Ол Меккеде жоғары атақ-абыройға ие болған құрайыштар тайпасының бану Таим руынан шыққан. Сауда-саттықпен айналысқан, беделді таныстарының көп болуымен және көргенділігімен ерекшеленген. Әбу Бәкір мен Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аталары Мурра бин Кабта түйіседі. Анасының есімі − Уммуль-Хайр Сальма, әкесінің есімі – Әбу Кухафа. Оның әкесінің Әбу Бәкірдің халифатты басқарған кезеңін көргендігі және одан ұзақ өмір сүргендігі риуаят етілген.
 
Ол бірнеше рет үйленген. Надандық дәуірінде алғаш рет Кутайля бинт Абдуль-Узза атты әйелге үйленген. Олардың Абдулла деген ұлы мен Әсма деген қызы болған. Екінші әйелі Умм Руман оған Аиша деген қыз бен Әбдуррахман деген ұлды сыйлаған. Умм Кульсумді Харидж ибн Зайдтың қызы Хабиба дүниеге әкелген. Әбу Бәкір оған Мәдинада үйленген. Ал, Мұхаммед атты ұлды тапқан − әйелі Әсма.
 
Әбу Бәкір надандық заманында-ақ өзінің тамаша ізгі амалдарымен белгілі болған. Ол өлтірілген адамдар үшін берілетін өтемақының (әснәк) төленуін қадағалау міндетін атқарған. Меккеліктердің арасында шежіредегі және (арабтардың өмірі туралы) әңгімелердегі білімімен мәшһүр болған. Сауда-саттықпен айналысқан, капиталы қырық мың дирхемді құраған. Ол сол қаражатының түгелге жуығын Ислам ісіне жаратқан.
 
Әбу Бәкір Хадиджадан (Алла оған разы болсын) кейін Исламды қабылдаған бірінші адам болған. Ол меккелік кезеңде-ақ қуатты араб тайпаларын Исламға тарту үшін талай еңбегін сіңірген. Сондай-ақ, ол пұтқа табынушылардың қудалауына ұшырап, азап шеккен еріксіз адамдар мен құлдарға көп көмектескен – қудалауға түскен құлдарды сатып алып, босатуға дүние-мүлігін жұмсаған.

Аишаның хабарлауынша, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Меккеде он үш жыл бойы қолдау көрсетіп келген Әбу Бәкір Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аудару жайлы әмірін естігенде және онымен бірге баратынын білгенде қуаныштан көзіне жас алған.
 
Ол Бадрдағы, Ухудтағы және Ор жанындағы шайқастарға қатысқан. Сонымен қатар, Мурайстағы әскери экспедицияға, бану Курайза мен Хайбарға жорыққа, Меккені алуға, Хунайн мен Таифтің жанындағы шайқастарға қатысқан.
 
Әбу Бәкір хижраның 11-ші жылы халиф болды. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүйсенбі күні, рабиуль-әууәл айының 13-інде (632 жылдың 8-ші маусымында) дүние салды. Әбу Бәкір сахабалардың, оның ішінде Омардың қалауымен халиф болып сайланды.
 
Әбу Бәкір Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) халифі (өкілі) болып сайланғаннан кейін мешітте сөйлеген сөзінде былай деген:
 
«Мен сендердің араларыңдағы ең таңдаулы емеспін, бірақ, сендердің әміршілерің болдым. Егермен  міндетімді адал атқарар болсам, маған қол ұшын беріңдер. Ал, егер қателесіп жатсам, түзеңдер. Алла мен Оның елшісіне бағынудан таймасам, сендер де маған бағыныңдар. Егерде олардың бұйрықтарынан тайқыр болсам, сендер де маған құлақ асуға міндетті болмайсыңдар».
 
Ол жалған пайғамбарлар мен «Біз намаз оқимыз, бірақ, зекет төлемейміз» деген араб тайпаларына қарсы соғысты. Бахрейндегі, Уммандағы, Йемендегі және Мухрдағы көтерілістерді басты. Халифатқа Хираны, Әнждинді және Әнбарды қосып алды. Сонымен қатар, ол билік құрып тұрған кезеңде Ирак пен Сириядағы маңызды қалалар жаулап алынды. Әбу Бәкір Ярмукта соғыс жүріп жатқанда қайтыс болды.
 
Әбу Бәкірдің кезінде Құран біртұтас кітап болып жинақталды. Бұл жұмыс Зайд ибн Сәбиттің бақылауымен жүзеге асырылды.
 
Ол хижраның 13-ші жылы джумада-с-сәни айында қатерлі дертке шалдыққанда, намазға (өзінің атынан) имамдық етуді Омарға табыстады. Содан соң сахабалардың бас қосуында өзінен кейін Омардың халиф болатынын хабарлады. Өзі жанындай жақсы көрген Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сияқты, ол да 63 жасында дүниеден озды. Сөйтіп, өзінің қалауымен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасына, иығының деңгейінде жерленді.
 
Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын)
 
Екінші әділ халиф. Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ең жақын сахабалардың бірі болатын. Ол бұл дүниеде Исламды таратуға көп үлесін қосты. Оның лақап есімі − Әл-Фаруқ, яғни, «жақсыны жаманнан айырушы» дегенді білдіреді.
 
Омар Піл жылында орын алған оқиғалардан он үш жыл уақыт өткеннен кейін Меккеде жарық дүние есігін ашты. Өзі айтып кеткен хабарламаға сәйкес, ол Фиджардағы үлкен шайқастан соң төрт жыл өткеннен кейін туылған.
 
Оның әкесінің есімі Хаттаб бин Нуфайль болатын. Оның аталары Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аталарымен Кабада түйіседі. Құрайыш тайпасының Адив руынан шыққан. Анасы Хантам, Әбу Жәхлдің немере бауырының қарындасы болған.
 
Омар ірі денелі, аққұба, жазық маңдайлы, ұзын мұртты және шашы бос жайылып жатқан ұзын бойлы адам болған. Бала кезінде түйе баққан, кейінірек шежіре үйрену, қару-жарақты пайдалану секілді игі істермен айналысқан. Оған қоса, Омар асқан шешендігімен де ерекшеленген.
 
Дереккөздерде Омардың мұсылман болғанға дейінгі өмірі жайында ақпарат көп емес. Дегенмен, оның бала кезінде әкесінің малын баққаны, кейін сауда-саттық ісіне араласа бастағаны белгілі. Омар Сирияға баратын керуендермен бірге сапарға шығып отырған. Надандық дәуірінде Меккенің басқа да ақсүйектерімен бірге Меккенің тұрғындарының атынан елшілік міндетін атқарған. Қандай да бір соғыс басталғанда Омар жау жағына елші ретінде баратын болған. Ол қайтқаннан кейін әскери іс-әрекеттер соның әкелген ақпараты мен білдірген пікірлеріне сәйкес жасалатын болған. Оның үстіне, ол тайпа аралық қақтығыстарды шешуде маңызды рөл атқарған. Ал, оның қабылдаған шешімдері (орындалуға) міндетті болып саналған.
 
Омар Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өлтіруге бел буған да, қылышын қайрап, оның үйіне бет алған. Алайда, жолда оған қарындасының күйеуімен бірге жаңа дінді қабылдаған жайлы хабары жетеді. Солардың үйіне барғанда, олар оқып берген Құран аяттарын естіп, таң қалып, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) елшілігінің 6-шы жылында Исламды қабылдаған.
 
Омар Исламды қабылдағаннан кейін Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қорғауға барынша тырысып, оның жанынан бір елі ажырамайтын болған.
 
Мұсылмандарға Мәдинаға қоныс аудару әмір етілгенде олар ол жаққа құпия түрде көше бастаған. Алайда, Омар жасырын түрде қоныс аударғысы келмей, қасындағы жиырма сахабамен бірге Мәдинаға ашықтан-ашық жол тартқан.
 
Омар Бәрдағы, Ухудтағы, Ор жанындағы, Хайбардағы шайқастарға және де көптеген кішігірім жеке әскери экспедицияларға қатысқан. Солардың кейбіреулерінде жасақ басшысы болған.
 
Омар Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүние салған бойда Әбу Бәкірді халиф лауазымына тағайындау кезінде туындаған бүліктерді басуда үлкен рөл атқарды. Әбу Бәкір халифатты басқарған қысқа уақыт ішінде оған айтарлықтай қол ұшын берді.
 
Әбу Бәкір ажалының таяғанын сезген кезде халифалыққа Омарды қалдыруды ойлады. Кейбір сахабалармен ақылдасып, олар Омардың үміткерлігін мақұл көргеннен кейін, Омар екінші халиф болып тағайындалды.
 
Омар бір уақытта Сирияны жаулап алуды аяқтау үшін күш салумен болды, екінші жағынан жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін Иран майданына әскер жіберді. Кадисиядағы шайқас кезінде Иран әскері жеңіліске ұшырайды. Иранның кейбір аудандары исламға соғыс арқылы, ал кейбір аймақтары бейбіт келісімі арқылы бағынды. Әзірбайжан, Армения және Хорасанға алып баратын жолдардың барлығы парсыларға тиесілі басып алынған жерлер болатын. Омардың халифатты басқарған кезінде Мысыр мен Иерусалим де Исламға бойсұнды.
 
Сонымен қатар, Омар мемлекеттік ұйымдарды құруға тырысты: оның бастамасымен Кеңес құрылды. Ол мұсылман емес салық төлеушілерден түсетін кірістерді категорияларға бөлді. Құқық мәселелерін бір ретке келтіру үшін губернаторлардан тәуелсіз жұмыс істейтін сот төрешілерін тағайындады. Хижраның 17-ші жылында ақшаны айналымға қосты (ақша айналымын бір ретке келтірді).
 
Хижраның 11-ші жылында мұсылман емес құлдың қолынан ауыр жарақат алып, сол оқиғадан кейін үш күннен соң қайтыс болған.
 
Осман ибн Аффан (Алла оған разы болсын)
 
Қарапайымдылықтың үлгісі. Үшінші әділ халифа. Оның толық есімі − Осман ибн Аффан ибн Абуль-Ас ибн Умайя ибн Әбду-ш-Шәмс ибн Әбду-Манаф әл-Қурайши әл-Әмәуи Әбу Әмр. Исламды қабылдап, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Руқайяға үйленгеннен кейін Абдулла деген ұлы дүниеге келген. Содан соң оны Әбу Абдулла деп атап кеткен. Сонымен бірге, оны Әбу Әмр және Әбу Ләйлә деп те атайтын болған. Лақап есімі Зуннурайн («қос шырақтың қожасы» – Пайғамбардың, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, екі қызына үйленгендігі үшін) болған.
 
Осман (Алла оған разы болсын) Піл жылындағы оқиғалардан 6 жыл өткеннен кейін және хижраға дейін 47 жыл бұрын дүниеге келген. Сондықтан, Мұхаммедке (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлық міндеттелген кезде, ол 34 жаста болған. 
 
Ол құрайыштар тайпасының бану Умайя руынан шыққан, оның аталары мен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аталары Әбду-Мәнәфта түйіседі. Анасының аты Әруә бинт Курайз бинт Рабия бинт Хабиб бинт Әбду-ш-Шәмс болған. Оның әжесі Абдуль-Мутталибтің қызы, яғни, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әпкесі болған.
 
Ол Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екі қызына үйленген. Хижраның екінші жылында Рукайя дүние салғаннан кейін Умм Кульсумға үйленген. Рукайядан сүйген ұлы Абдулла хижраның 4-ші жылында алты жасында қайтыс болған. Кейінірек ол Фахита бин Ғазуән, Умм Әмр бинт Джундуб, Умм Бәнин бинт Уейна және Нәйлә атты әйелдерге үйленген. Умм Әмр бинт Джундубтан Әмр, Халид, Әбән, Омар және Мәриәм атты балалары, ал, Умм Бәнин бинт Уейнадан Абдул Мәлік атты ұлы болған. Солардың арасындағы ең әйгілі ұлы - Әбән.
 
Осман ақжарқын, орта бойлы, қалың сақалды, қалың шашы иығына түсіп тұратын сымбатты жан болған. Оның мұсылман болғанға дейінгі өмірі туралы ақпарат аз. Тек жас кезінен сауда-саттықпен айналысқаны белгілі. Ол өз тайпасындағы адамдардың арасында өзінің сауда істеріндегі адалдығымен белгілі болған.
 
Осман ибн Аффан Әбу Бәкірдің үндеуімен мұсылман болған. Эфиопияға қоныс аударудың екеуіне де қатысқан. Мәдинаға қоныс аудару жайлы әмір келгенде Осман өзге де мұсылмандармен бірге сол жаққа жол тартқан.
 
Ол бір еврейдің меншігіндегі Рума құдығын жиырма мың дирхемге сатып алып, барша мұсылмандарға оны емін-еркін пайдалануға рұқсат берген.
 
Осман әйелі Рукайя ауыр дертке шалдыққандықтан, Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) рұқсатымен Бәдр шайқасына қатыспаған, алайда Бадрды қоспағанда, пұтқа табынушылармен және Исламның дұшпандарымен өткен барлық шайқастарға қатысқан.
 
Омар жарақат алғанда оның таңдаған адамдары келесі халифтікке Османды сайлаған.
 
Халифа Осман мемлекетті басқаруды қолына алғаннан кейін исламды таратудағы әрекеттер асқан қарқынмен жалғаса түсті. Сол уақыт аралығында мұсылман әскерлері Джузьянды, Таликанды, Фарьябты және Балхты, Тухаристан аймағындағы қалалардың түгелге жуығын, Кипр мен Родос аралдарын және Ифрикийя аймағын жаулап алды. Оның үстіне, Анатолия аумағындағы Тифлиске (қазіргі Тбилиси қаласы) дейінгі жерлер бағындырылды.
 
Осман көтеріліс кезінде бүлікшілердің қолынан қаза тапты.
 
Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын)
 
Әли (Алла оған разы болсын) Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ағасының ұлы, күйеу баласы және төртінші әділ халиф болатын. Әкесі − Әбу Талиб, анасы − Фатима бинт Асад, ал, атасы – Абдул Мутталиб . Оның әкелік лақап есімдері Әбул-Хасан және Әбу Тураб («жер әкесі») болатын. Сондай-ақ, ол Хайдар және Асадуллах («Алланың арыстаны») деген лақап аттарымен де белгілі болды.
 
Әли хижрадан жиырма жыл бұрын дүниеге келді. Ол Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ағасы Әбу Талибтің кіші ұлы еді. Әлидің анасы күйеуі қайтыс болғаннан кейін мұсылман болып, Мәдинаға қоныс аударды. Ол қайтыс болған кезде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрак киімін оған кебін ретінде пайдалануға беріп жіберді.
 
Әлидің 14 ұлы, 9 қызы болды. Солардың ішінде Хасан, Хусейн, Зайнаб және Умм Кульсум Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатимандан (Алла оған разы болсын) туған балалары болатын. Әли Фатиманың тірі кезінде екінші әйел алған емес, Фатима дүние салғаннан кейін ғана басқа әйелдерге үйленді.
 
Әли қараторы өңді, орта бойлы, үлкен қара көзді және қалың, қаба сақалды болатын. Сауад ибн Хазальдің сипаттамасына сәйкес, ол кейде сақалын қынамен бояйтын болған. Бірақ, кейін оны өз қалпында қалдырған.
 
Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) уахи түскенде ол Бану Хашим руының мүшелерін Исламға үндеу мақсатында үйіне шақырды. Сөйтіп, түскі астан кейін былай деді: «Уа, Абдул Мутталибтің ұрпақтары! Мен күллі адамзатқа, соның ішінде сендерге де жіберілдім. Қайсыларың маған бауыр әрі дос ретінде адалдық сертін бермек?». Сол кезде Әли ғана орнынан тұрып, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өтінгендей өзінің адалдығын білдірді. 
 
Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударуы керек болған кезде адамдардың оған аманат етіп тастап кеткен заттары бар еді. Сол үшін Әли заттарды иелеріне қайтарып беру үшін біраз бөгелуі қажет болды. Дәл сол түнде құрайыштық жеті жас жігіт Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өлтіруге бел буып, келісіп алды. Бірақ, олар оның үйіне бұқпантайлап кіргенде Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) төсегінде Әлидің жатқанын көрді. Біршама уақыттан кейін Әли де Мәдинаға қоныс аударды.
 
Ол хижрадан кейін Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қолдау көрсетіп, барлық шайқастарға қатысты. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өлім аузында жатқанда оның бөлмесінде көзін ілмей, жанын қоярға жер таппағандардың бірі Әли болатын.
 
Омардың халифаты кезінде Әли ислам мемлекетінің бас төрешісінің рөлін атқарып, даулы мәселелерді шешумен айналысты. Османның халифаты кезінде оның кейбір басқару әдістерімен келіспесе де, ислам мемлекетінің кей аймақтарындағы адамдардың наразылығы жөнінде Османға хабар беріп, сол мәселелердің шешімін табудың амалын қарастырумен болды. Бүлікшілер Османның үйін қоршап алғанда Әли оны қорғап қалу үшін қолынан келгеннің бәрін жасады.
 
Османның қазасынан кейін көптеген көрнекті сахабалар Әлиге ант берді. Алайда, ол халифат ішінде келіспеушіліктерге душар болды – қаза тапқан халиф Османның туыстары болып келетін кейбір сахабалар (сахаба Муавияның бастауымен) Османды өлтірген қаныпезерлерді өлтіріп, жазаға тартуды талап етті. Осы келіспеушілік ақыр соңында мұсылмандардың бірнеше топтарының арасында қарулы қақтығыстың орын алуына әкеп соқты. Алайда, кейінірек Әли бейбітшілікке қол жеткізу үшін жауласқан топтарды татуластыруға тырысты. Дәл сол кезде мұсылман қауымынан хариджиттер деп аталған партия бөлініп шықты. Олар Әлидің шешішімен келіспеді – олар «Әли ондай мәселелерде билік айтуға хақы жоқ еді, мұның шешімін Аллаға тапсыруы керек еді» деген ойда болды. Сондай бүлікші хариджиттердің бірі Әбдуррахман ибн Мулджам хижраның 40 жылы/ милләдидің 661 жылы халиф таң намазына барғалы жатқанда оны жаралап, өлтірді.
 
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әлиді «білім қаласына апарар қақпа» деп атайтын. Себебі, ол тәпсірде, хадистерде және фиқһта орасан зор білімге ие асқан ілімді адам болатын. Сонымен қатар, ол өзінің даналығымен әрі қырағылығымен ерекшеленетін.
 
Оның даналыққа толы нақыл сөздері мен насихаттары әлі күнге дейін белгілі.
 
Әбдуррахман ибн Ауф (Алла оған разы болсын)
 
Әбдуррахман ибн Ауф (Алла оған разы болсын) − Исламды алғаш қабылдағандардың бірі. Оның әуелгі есімі АбдульКааба немесе басқа хабарламаларға сәйкес, ӘбдуӘмр болатын. Ол Әбу Мухаммад деген әкелік лақап есімімен де мәлім.
 
Әбдуррахман Піл жылындағы оқиғалардан шамамен жиырма жыл өткеннен кейін жарық дүние есігін ашты. Оның анасы − Сифа бинт Әуф бинт Адиль-Харис бинт Зухра бинт Киляб, әкесі Харис − құрайыштар тайпасының бану Зухра руынан шыққан.
 
Әбдуррахман Исламды мұсылмандар Аркамның үйінде бас қосып жүрген кезде қабылдады. Сол жерде Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оған жаңа есім берді.
 
Ол Эфиопияға қоныс аударудың екеуіне де қатысты. Мұсылмандарға Мәдинаға қоныс аудару әмір етілген кезде өзге де мұсылмандармен бірге хижра жасады.
 
Мәдинада бірден сауда-саттықпен айналысуды қолға алды. Сөйтіп, Алла оған мол байлық сыйлады. Ол сол дәулетін Алла жолында, мұсылмандардың қажетіне және әскери жорықтарға жұмсады. Табукқа жорық жасалғанда қаржылай тұрғыдан демеу көрсетті.
 
Халиф Османның басқаруы кезінде Әбдуррахманның қартайған шағы болатын. Сол себепті, ол тыныш, бірқалыпты өмір сүріп, хижраның 32-ші жылы Мәдинада бұл дүниемен қош айтысты.

Әбдуррахман көптеген хадистерді білетін. Бірақ, сақтық танытып, хадис риуаят етуден тартынды. Хадистер жинағында оның атынан небәрі 65 хадис риуаят етілген.
 
Әбу Убайда ибн Джаррах (Алла оған разы болсын)
 
Әдетте бұл сахаба жөнінде сөз болғанда оның атына «үмбеттің қорғаушысы» деген лақап қоса тіркеле жүреді. Ол алғашқы мұсылмандардың бірі болатын. Оның шын есімі − Әмір ибн Абдулла ибн әл-Джаррах. Әбу Убайда құрайыштар тайпасының бану Фитр руынан шыққан. Оның аталары мен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аталары екеуінің ортақ бабасы Фихрде түйіседі.
 
Әбу Убайда Әбу Бәкірдің үндеуін естігеннен кейін немесе, хабарланғандай, достарымен бірге Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барғаннан кейін мұсылман болған. Сол достарының арасында Осман ибн Мааз бар еді.
 
Ол Эфиопияға екінші рет қоныс аударуға қатысқан. Басқа да ұлы сахабалар секілді, Әбу Убайда барлық әскери жорықтарға, Меккені алуға, Таифты қоршауға қатысқан және Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қоштасу қажылығында да болған. Омардың халифатты басқарып тұрған кезінде Әбу Убайда Сирияны жаулап алуға қатысып, жасақтардың бірінің қолбасшысы болған. Ол Сирияда оба індеті тараған кезде дертке шалдығып, содан көз жұмған.
 
Саад ибн Әбу Уаккас (Алла оған разы болсын)
 
Саад ибн Әбу Уаккас Мәлік ибн Вухайб ибн ӘбдуМанаф ибн Зухра. Оның әкесі − Мәлік ибн Вухайб. Әкелік лақап есімі Әбу Уаккас болған. Сол себепті, ол осы атпен белгілі. Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) анасы бану Зухра руынан шыққандықтан, Саад пен Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аталары оның анасы тарапынан түйіседі. Саадтың анасының аты Хаман бинт Суфьян ибн Умайя болатын.
 
Саад Исламды алғаш қабылдағандардың бірі болатын. Ол Мәдинаға қоныс аударғанға дейін Меккеде болған.
 
Бадрдағы, Ухудтағы, Ор жанындағы, Худайбийядағы, Хайбардағы шайқастарға, Меккені алуға және басқа да әскери экспедициялардың барлығына қатысқан. Ол әділ халифтердің билігі жүріп тұрған кезде мұсылмандарға әскери әрі саяси тұрғыдан үлкен көмек көрсеткен. 
 
Саад хижраның 55-ші жылында Мәдинаның сыртындағы Әқиқ алқабында қайтыс болған.
 
Саид ибн Зайд (Алла оған разы болсын)
 
Оның әкесінің есімі − Зайд ибн Әмр. Саидтың аталары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аталары Каабада түйіседі. Оның әкелік лақап есімі Әбуль-Әуәр болатын. Оны Әбу Тур деп те атаған. Анасының аты − Фатима бинт Бәджә. Саидтың әкесі ханиф болатын, яғни, бір құдайға сенетін және Ибраһимнің (оған Алланың сәлемі болсын) дінін ұстанатын.
 
Әкесі Саидты да бір құдайға деген сеніммен тәрбиеледі. Сондықтан, ол Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үндеуін ести салысымен оның соңынан ерді. 
 
Саид, Омардың қарындасы Фатимаға үйленді. Бадрдағы шайқасты қоспағанда, Ухудтағы шайқасқа және басқа да шайқастарға қатысты.
 
Ол өмірінің соңғы күндерін Мәдинаның сыртындағы Әқиқ алқабында өткізіп, хижраның 50-ші немесе 51-ші жылында дүниеден озды.
 
Тальха ибн Убайдуллах (Алла оған разы болсын)
 
Оның толық есімі − Taльха ибн Убайдуллах ибн Осман ибн Әмр ибн Саад ибн Тайми ибн Мурра ибн Кааб ибн Люайй ибн Галиб әл-Қурайши әт-Taйми. Әкелік лақап есімі Әбу Мухаммад болатын.
 
Taльхa Исламды қабылдаған алғашқы сегіз адамның бірі және Әбу Бәкір арқылы мұсылмандыққа келген бес адамның бірі болатын.
 
Taльхa орта бойлы, кең кеуделі және кең иықты болатын. Аяғы үлкен еді. Қара, қалың шашты, жіңішке мұрынды, күлімдеген жүзді болатын. Шашын ешқашан бояған емес. Бет алған жағына бүкіл денесімен бағытталып, шапшаң жүретін.
 
Бадрдағы шайқаста болмаса да, басқа да көптеген шайқастарға қатысты. Ол Ухудтағы шайқаста асыл Пайғамбарымызды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қаһармандықпен қорғады.
Түйе шайқасында Мәруән ибн Хакамның қолынан ажал құшты. Жан тәсілім еткен кезінде оның жасы 60-64 шамасында болған деп саналады.
 
Taльха (Алла оған разы болсын) Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) туысы болатын – оның төрт әйелі Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерінің әпке-сіңлілері болатын. 
 
Зубәйр ибн Әууәм (Алла оған разы болсын)
 
Оның толық есімі − Зубәйр ибн әл-Әууәам ибн Хувайлид ибн Асад ибн Әбдиль-Узза ибн Кусай ибн Қыляб ибн Мурра ибн Кааб ибн Люай әл-Қурайши. Үлкен ұлы Абдулланың атына сәйкес оны Әбу Абдулла деп атаған. Ол Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабасы әрі әпкесі Сафийя бинт ӘбдульМутталибтің ұлы болатын.
 
Ол Омар дүние салғаннан кейін келесі халифті сайлау үшін құрылған алты сахабадан тұратын кеңестің мүшесі болды. Анасы оны «Әбу-т-Тахир» деп атайтын. Әйткенмен, Зубәйр өзінің ұлы Абдуллаға қатысты әкелік лақап есімімен белгілі болатын.
 
Ол Исламды алғаш қабылдаған төртінші немесе бесінші адам болатын. Дегенмен, оның туған күні де, қанша жасында мұсылман болғаны да белгісіз. Ол Эфиопияға хижра жасаған.
 
Барлық шайқастарға қатысқаны секілді, Мысырды жаулап алуда да маңызды рөл атқарған.
 
Ол Сиффиндегі шайқасқа қатысқан (Әли мен Муавияның арасында қақтығыс жүріп жатқанда). Алайда, кейінірек ол соғысты тәрк еткен. Мәдинаға бара жатқан жолда Тәмим тайпасына тиесілі судың жанына келгенде Әмр ибн Джармуз оның ізіне түсе бастаған. Ол Зубәйрді Сиба алқабы деп аталатын жерде өлтірген.
 
Лайым Алла Тағала бізді осы тақуа жандардың шапағаты мен берекесінен айырмасын. Әмин.