Image
Әйеліме лайк басшы, бауырым!
Біз әлеуметтік желілердің парақшаларында хиджаб киген тұрмыстағы қыз-келіншектердің суреттерін ауық-ауық көріп тұрамыз. Кейде олар өз суреттерін өздері шығарады, кейде күйеулері жариялап жат...
9 316
9
18 марта, 16

Әйеліме лайк басшы, бауырым!

9 316
9
18 марта, 16
АВТОР ЦИКЛА
Әйеліме лайк басшы, бауырым!
Біз әлеуметтік желілердің парақшаларында хиджаб киген тұрмыстағы қыз-келіншектердің суреттерін ауық-ауық көріп тұрамыз. Кейде олар өз суреттерін өздері шығарады, кейде күйеулері жариялап жатады. Олардың не үшін бұлай істейтіндері бізге түсініксіз, бірақ, біздің пайымдауымызша, еркектердің көпшілігі бұл туралы ойлана бермейді. Бұл біздің әлеуметтік желілерде әйеліңді бүкіл елге көрсетуге байланысты әр түрлі жағдайларды елестетуімізге түрткі болды. Нақтырақ айтқанда, ер адамдар бұған жақсы көзбен қарағысы кеп жатса, қалай және не ойлау керектері жөнінде ой толғадық.
 
Кейіпкерлердің бәрі ойдан шығарылған, ал, әлдеқандай сәйкестіктер табылып жатса, кездейсоқтық деп қабылдаңыздар. Дінін шынайы ұстанып жүрген мұсылмандарға ғана арналады.
                                                                                                                 
Айбек, 25 жаста
 
Меніңше, «әйеліңді бүкіл жұртшылыққа көрсету» деген сөз дұрыс емес, тіпті дөрекі. Мен оны көрсетіп жатқан жоқпын, жай ғана ел-жұрт менің отбасылық бақытыма куә болсын деп, өзімнің парақшамда оның суреттерін жариялаймын. Менің ғана емес, біздің бақытымыз дегенім дұрысырақ болар, себебі, ол да бақытты. Біздің бақыттан басымыз айналып жүргені соншалық, мұны жасыра алмаймыз. Томаға-тұйық адамдар ғана бәрін жасырып жүреді емес пе, бірақ, тұйық адамдар әдетте ызалы, кекті болады. Жайдары болу керек – сонда адамдар саған лайк басады.
 
Берік, 31 жаста
 
Менің әйелімнің суретіне біреу зер салып қарап, еркектің әйелге қарағанындай сұқтанбайды деп ойлаймын. Мен мұны мүлде ойламаймын. Ойлайтын болсам, дегбірсізденіп, мазам қашады. Шайтан мені азапқа салады, оған желеу бермеу керек.

Арсен, 29 жаста
 
Менің әйелімнің суреттеріне лайк басатын еркектер нәпсі және ынтықтық деген сезімнен ада. Олар – өресі биік, аса өнегелі жандар. Негізі, үйленген еркек өзінің әйелінен басқа әйелді көрмейді. Ал, бойдақ еркектер тек тұрмыс құрмаған қыз-келіншектерге ғана қарайды. Еркектер өзі сондай ғой.
 
Айдын, 27 жаста
 
Арсенмен келісемін. Барлық еркектердің моногамды екендіктері – медицинада әлдеқашан дәлелденген дүние. Оның үстіне, олар үшін сезімнің маңызы зор. Еркек өзі жақсы көрмейтін әйелге еркектік көзбен қарай алмайды. Еркектер махаббатсыз өмір сүре алмайды, бірақ, олар өмірінің ақырына дейін бір ғана әйелді сүйіп өтеді. Соны немесе өзінің әйелін.                                                                                        
 
Нұрлан, 24 жаста
 
Менің әйелім суреттерін желілерге өзін басқа еркектерге көрсету үшін шығармайды. Ол өзінің суреттерін тек әйелдерге ғана көрсету үшін шығарады. Егер оны еркектер кездейсоқ көріп қалып, бағалап жатса, оған ол кінәлі емес. Ол барлық еркектерді бақылауда ұстап отыра алмайды ғой. Ол тек мені ғана бақылауда ұстай алады. Ал, мен оны, өкінішке орай, бақылауымда ұстай алмаймын. 
 
Айгүл, 25 жаста
 
Күйеуімнің орнына мен жауап берейін, себебі, менің де ол сияқты дауыс беру құқығым бар. Исламда әйелдің құқықтары өте көп. Мен соны күллі әлемге дәлелдегім келеді. Ал, күйеуіме әлдеқашан дәлелдеп қойғам. Исламды өзіңнің нәпсіңе сәйкес бейімдеудің қажеті жоқ. Ислам әйелдің құқықтарына ерекше көңіл бөледі. Ол біреудің қызы болса, әкесіне Жәннаттың есігін ашып береді. Біреудің жары болса, ерінің иманын толықтырады. Біреудің анасы болса, Жәннат оның аяғының астында. Әйел еркектің қабырғасынан жаратылған. Қорлық көретіндей аяғынан жаратылмаған. Басым болатындай басынан жаратылмаған. Онымен тең болуы үшін, бір қатарда жүруі үшін бүйірінен жаратылған. Еркек оны қорғап жүруі үшін оның қолының астынан жаратылған. Сүйікті болу үшін жүрегінің тарапынан жаратылған! Қысқасы, мен не айтайын деп тұр едім? Жә, ол маңызды емес. Ең бастысы, біз теңбіз.
 
Серікжан, 33 жаста
 
Қазіргі әйелдер өте пәк, ар-ұяттарын таза сақтайды және қылымсу дегенді білмейді де. Менің әйелім де сондай. Егер қандай да бір бөтен еркек оның суретіне лайк басып жатса, бұл оның жүрегіне титтей де әсер етпейді. Өйткені, оның жүрегінде тек қана мен, біздің балаларымыз және менің анам бар.

Қуандық, 35 жаста
 
Бәлкім, 7-ші ғасырда сахабалар үшін қызғаныш деген мақтауға лайық қасиет болса болған шығар. Бірақ, ол кезде заман басқа болатын – ешкімге сенуге болмайтын: әйеліңе де, досыңа да. Ал, қазір заман өзгерді, адамдар адамгершілік, адалдық тұрғысынан әлдеқайда жақсарды, көңілдері кіршіксіз бола түсті. Қайда көз салсаң да, инабаттылықты, өнегелілікті көресің. Бала алдырту, опасыздық деген атымен жоқ. Тіпті кейде жалығып та кетесің. 
 
Мәулен, 24 жаста
 
Қызғаныш – кемістік сезімі. Ол адамның өз-өзін толыққанды сезінбегенінен, бойындағы кемшіліктерден ұялуынан туындайды. Әйелін  бөгде еркектердің назарынан қызғанатын еркек – бәсекелестіктен қорқатын, өз-өзіне сенімсіз адам. Ондай еркек әйеліне де сенімсіз болады. Мықты еркек әйелін көрсетуден қорықпайды және оған суреттерін бүкіл елге көрсетуге тыйым салмайды. Өйткені, ол өзіне де, әйеліне де сенімді болады. Сондай-ақ, шайтаннан да қорықпайды. Әйелі де шайтаннан қорықпайды. Негізі, олар шайтанмен жақсы қарым-қатынаста болады.
 
Назар, 39 жаста
 
Ғаламторда менің әйелімді өзінің компьютеріне сақтап, түні бойы соған қарап жататын азғындар бар деп ойлайтын адамның – өзі азғын. Ол басқалар жайлы пікірді өзіне қарап қалыптастырады. Ол өзі солай істейтіндіктен, бізді солай қорқытпақ болады. Біз оларға қорқатынымызды көрсетпеуіміз керек. Егер оларға осалдығымызды көрсетсек, ертең әйелдерімізді ғана емес, қыздарымызда да ғаламторға шығара алмай қаламыз. 
 
Айдын, 32 жаста
 
Менің ойымша, әйеліме өзге еркектердің қарағанында тұрған ештеңе жоқ. Несін аяймын? Сараңдық – Исламда өте құпталмайтын іс. Ол өзімшілдіктен туындайды, ал, мұсылман дегеніміз – өзінің өзімшілдігімен, нәпсісімен джихад жүргізетін адам. Оның үстіне, өзіңе тілегенді бауырыңа да тілеу иманның кәмілдігін білдіреді. Сол себепті, мен барша бауырларымызға менің әйелімдей әйелдері болуын тілеймін.
 
Ренат, 31 жаста
 
Әйеліме немесе біздің отбасылық бақытымызға көз тиеді деп қорықпаймын. Себебі, бізде отбасылық бақыт деген атымен жоқ, сол үшін көз тиетін де дәнеме жоқ. Әйеліме де оңайлықпен көз тие қоймайды, оған әлдеқашан біреудің көзі тиіп болған. Мен оған үйленген бойда-ақ ертеңіне оған біреудің көзі тиді. Мүмкін, оны ата-анама тым қатты мақтаймын деп, өзім көз тигізіп алған шығармын. Құдайым-ау, мен қандай ақымақ болған едім, құдайым-ау... Қысқасы, мен көз тиюден қорықпайтын болғалы қашан. 
 
Бақытжан, 37 жаста
 
Мен әйелімнің әлеуметтік желілерде немен айналысатынын аса қадағалай бермеймін. Егер ол суретін желіге шығаруды қажет деп тапса, демек, солай болуы керек. Өйткені, менің әйелім өте ақылды, тіпті менен асып түседі, сол себепті, мен оған ләм-мим деп ауыз аша алмаймын. Кейде ол маған бейнебір кутуб әс-ситтаның барлық жинақтарын жаттап алғандай көрінеді. Мен оған ескерту жасасам, ол маған он ескерту жасайды және бәріне дәлел келтіріп береді. Менің әйелім әрдайым дұрыс істейді, сол үшін мен оны жанымдай жақсы көремін.
 
Нұрбол, 35 жаста
 
Менің жұбайыммен бір шаңырақтың астында өткізген бірнеше жыл ішінде түсінгенім, әйеліңе көп тиісе бермесең, өзіңнің құлағың тыныш, өмірің ұзақ болады екен. Әйелім телефон, планшетник шұқып, әлемеуттік желілерде отырғанда үйдің ішінде мамыражай тыныштық орнайды. Соған көңілім жайланып, жаным рахаттанады-ай. «Тыныш жатқан жыланның құйрығын баспа» дейді. Ол суреттерін ғаламторға шығара ма, басқа ма, білгенін істесін. Әйтеуір менің жүйкемді жұқартпаса болды.
 
Диас, 26 жаста
 
Менің әйелім бұл дүниеде өте маңызды миссияны мойнында көтеріп жүр, исламдық сән миссиясын. Ол жұртшылыққа мұсылмандардың өте сәнді және заманауи екенін дәлелдеуге көп көңіл бөледі. Мұсылмандар әрдайым біреулерге бірдеңе дәлелдеп жүруі тиіс, біз сонда ғана табысқа қол жеткіземіз. Біз өркениетті адамдардың талаптарына сай бейімделуіміз қажет, олар бізді сонда ғана мойындайды ғой. Сондықтан, біз хиджабтың өркениетті адамдарға ұнайтын түрлерін ойлап тауып, сондай хиджабтарды киюіміз керек. Ол кең шалбар мен биік өкшелі аяқ-киім және қынама бел көйлектер, ашық түсті орамалдар болуы мүмкін, құлаққа әдемі сырға тағып, сол орамалдардың астынан шығарып қойса тіпті тамаша, содан соң жеңіл-желпі макияж жасауға болады. Менің әйелім осы міндетті тамаша атқарып жүр.
 
Әнуар, 28 жаста
 
Әйелімнің суреттеріне неғұрлым көп еркек лайк басқан сайын, мен де өзімді соғұрлым жақсы сезінемін. Біріншіден, бұл оның шынымен де көрікті екенін білдіреді. Екіншіден, бұл менің талғамымның жақсы екенін дәлелдейді. Үшіншіден, соған қарап, мен басыма үлкен бақ қонғанын түсінемін. Төртіншіден, мен жолымның болғанын түсінгенде Аллаға мақтау-мадақ айтып, шүкірлік етемін. Осылайша, әйелім өзінің суреттерін желіге шығару арқылы маған Алланың берген рақымдарын есіме салады. Бұл керемет емес пе? Сондықтан, әйеліме лайк басшы, бауырым! Ол соған лайық!

 

Комментарии: 9

Правила форума
Avatar
Ерасыл абдыхалык
2
Мына еркектер даюс болып кеткеннен сау ма?
18 марта, 16
Avatar
Yмiт
2
айелди кызгану керек бауырларым, бул не сумдык, ен сонгы комменттен уялып кеттим
18 марта, 16
Avatar
Руслан84
0
Ер айелге устемдик кылушы.Ягни кожайыны.Журегинде дини жоктын дымы жок.Акылы бар адамга иман парыз.Иманы бар адамга намаз парыз деген. (АБАЙ) Билим устаз корумен болады.Айелге лайк басу куйеуине гана жарасады.Жане айел куйеуинин алдында гана сулу болуы тиис.Богде адамдардын алдында лайк баспак тугили оте козге тусетин киим киинуге руксат жок,жагымды иис себинугеде.Отан от басынан куралады.Ол айел жане ер.Мен улыска руларга болдик бир бирлеринди тану ушин.Айел ер кылып жараттык бир бирлеринде туру ушин деген.Жануяны катын билегеннин кызын алма деген.Ойткени онын кызы аке тусинбей оседи.Ол кыз болашак куйеуине би болмауына ким кепил.Айел бастан деген.Ол неке киылган куннен бастап озинди сыйлата билуин.Баланы жастан деу,айел курсак котерген куннен бастау алады.Ол бастау адал рызыктын болуымен.Билмесендер билим иелеринен сурандар.Алладан шынайы коркатындар олар галымдар.Олардын коркуымен биздин коркуымыз тен келмейди деген.Аке корген ок жанар.шеше корген тон пишер деген.Кызды 40 уйден тыйу деген бар казакта.
19 марта, 16
Avatar
zhanargul
0
Қазіргі жігіттердің көзқарас-пікірлері шынымен осындай ма?! Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай...Не деген сұмдық мынау?! Сене алар емеспін...Ал,әлеуметтік желілерге суреттерін жіберетін қыз-келін- шектердің жағдайы айтпаса да түсінікті...кім екендіктерін өздері-ақ әшкерелеп отыр...Маған триллион евро беремін десе де суретімді шығармас едім!!! Тіпті,күйеуім шығар десе де!!! Алла қаласа балаларым өскенде де суреттерін салуға рұқсат етпеймін.Ал,әлеуметтік желіні пайдаланған емеспін,пайдаланбаймын да!!! Пайдаланғандарды көргенбіз намазхан бола тұра виртуальный секспен айналысып,әркімге ға- шық болып,әйеліне ештеңе сездірместен шиеттей бала-шағасын ұрлап,Астанаға қашып кетпекші болған.Сөйтсе,көңілдестерінің бірі 15-жасында некесіз бала туып,20-жыл бойына байға тимей, көрінгеннің ермегіне айналған салдақы,басқа еркекпен тұрып жатыпты...Екіншісі американдықтарға бала сататын жерде істейді екен...т.с.с. Оның үстіне алтын уақытыңды өлтіреді...Мұсылман қыз-келіншектеріне әлеуметтік желілерінде алтын уақыттарыңды қор қылғанша сауаппен айналысыңдар( баларыңа қараңдар,ата -аналарыңа көмектесіңдер немесе интернеттен пайдалы мағлұ- маттар алыңдар т.б. ).Менің айтқандарым--артта қалғандық емес,ал,әлеуметтік желі--елден озғандық емес.
19 марта, 16
Avatar
Айдос Маратұлы
-6
басы қайда мына мақаланы жазғанның
25 марта, 16
Avatar
Dauren Nurbekov
3
Ассаламу алайкум, оның басына не болып қалыпты?
25 марта, 16
Avatar
Yerken
0
Айгүл, 25 жастаЖазған пікіріне Лайк
29 марта, 16
Avatar
Yerken
1
Әнуар, 28 жаста - Бұндайларды емдеу керек
29 марта, 16
Avatar
Ali Aliev
-1
Ассаляму алейкум уа рахматуллахи уа баракятух, баршаларыңа. Дұрыстап тұрып оқыңдар, бауырлар. Кейіпкерлердің бəрі ойдан шығарылған.Бұл мақала бізге сабақ болу үшін жазылған, инша Аллах
29 марта, 16

ИНТЕРЕСНЫЕ МАТЕРИАЛЫ

Image
Шоқтан шығып отқа түсу
Аталмыш материал – бойымызды аулақ салуға тиісті болған кейбір шектен шығушылықтар жөніндегі біздің бақылауларымыз бен ойларымыздың көрінісі. ...
6 695
4 марта, 16
Image
«Сені өзім тудым, өзім өлтіремін»
Тарас Бульбаның әйгілі сөзі бүгінгі күнде жан түршігерлік, сорақы мәнге ие болды. Жасыратыны жоқ, өз құрсағынан шыққан перзенттерін еш шімірікпестен тастап кете беретін көкек аналар бұрын да...
3 684
19 февраля, 16